Бүгін Жапонияның 126 императоры Нарухито Император сарайының «Matsu-no-Ma» мемлекеттік залында ресми түрде таққа отырды. Жапондардың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі толықтай сақталған шараны 2 мыңнан астам қонақ, оның ішінде 190 елдің жоғары мәртебелі ресми тұлғасы тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәртебелі меймандар қатарында Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэның арнайы шақыруымен Токиоға келген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек Швеция, Есватини, Лесото, Камбоджа, Бутан, Тонго, Нидерланды, Испания, Бельгия, Малайзия корольдері, араб елдерінің шейхтары, Түрікменстан, Қырғызстан, Того, Нигер, Финляндия, Венгрия, Кения, Бангладеш сынды елдердің президенттері болды.
Ресми хаттамаға сәйкес, жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50-де елдің Премьер-Министрі, жапон Парламентінің Өкілдер және Кеңесшілер палаталарының спикерлері, Жоғарғы сот төрағасы, олардың соңын ала император отбасының мүшелері салтанатты шара басталған залға өтті. Ал сағат 13:00-де император билігінің нышаны екі мөртаңба мен қасиетті регалия саналатын қылыш пен алқаны ұстаушыларды жанына ерткен Нарухито кіріп, император тағы - Такамикураға отырды. Іле-шала патшайым Масако да келіп, Митёдай тағына отырғаннан кейін гонг соғылып, жиналған меймандар орнынан тұрды. Осыдан кейін сарай қызметшілері император мен патшайым отырған тақты көлегейлеп тұрған пердені ашты.
Салтанатты рәсімге Нарухито тек императорға ғана арналған «gosokutai» деп аталатын дәстүрлі киімін киіп келіпті. Оң қолына ұлылық нышаны саналатын «onshaku» (ағаш асатаяқ) ұстаған. Императордың таққа отыру салтанатының ұлылығын қылыш, садақ, қорамса, айбалта және қалқаннан тұратын салтанатты заттар білдірді.
Келесі сәтті жапон үкіметінің басшысы императордың дәл алдына келіп тұрды. Мұнан соң Нарухито жапон халқына Жолдауын арнады.
«Мен конституцияға сай Жапония мемлекетінің және халқының бірлігі нышаны ретіндегі өз міндетімді орындауға ант беремін», - деді Нарухито.
Император жапон халқына жолдауын жариялап болғаннан кейін Синдзо Абэ императорды таққа отыруымен құттықтады.
«Біз бейбіт, жарқын болашақ құру үшін, Жапонияның үмітін ақтау үшін барлығын жасаймыз», - деген Синдзо Абэ сөз соңын: «Го-сокуи о сюку-ситэ тэнно хэйка бандзай!» (Таққа отыру құрметіне орай, Ұлы мәртебелі император жасасын!) деп аяқтады.
30 минутқа созылған салтанатты шара 21 зеңбіректен отшашу атумен аяқталды.
Айта кетерлігі, Жапония 22 қазан күнін ұлттық мереке деп жариялаған. Осыған орай елдегі кішігірім қылмыстар үшін сотты болған 550 мыңға жуық адамға рақымшылық жасалып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жапония үкіметі 2019 жылдың 1 мамырында жаңа империялық кезеңнің басталғанын жариялады. Бұл кезең «Рейв» дәуірі деп аталады - бұл атау қазақ тілінде аударғанда «тәртіп», «үйлесім» және «гүлденген әлем» деген мағына береді. Қазіргі «Хэйсэй» деп аталатын дәуірдің атауы қытай әдебиетінен алынған болатын, ол «әлем жетістігі» деген мағына береді. Ол дәуір 1989 жылдың қаңтарында, Хирохито император қайтыс болған кезде басталған еді. Оның ұлы Акихито Жапонияның 125-ші императоры ретінде 30 жылға жуық уақыт билік құрды. Сөйтіп өз еркімен тақтан бас тартты. Ол бұл шешімін жасының ұлғайғанымен түсіндірді. Ханзада Нарухито таққа 1 мамыр күні отырды.
1989 жылдың 7 қаңтарында Жапонияның мұрагер ханзадасы ретінде ресми жарияланған Нарухитоның бірқатар ұлттық және шетелдік наградасы, сонымен қатар Оксфорд университетінің докторы сынды құрметті атақтары бар. Ол су экожүйесінің проблемаларына айрықша назар аударып, су ресурстары мен санитария проблемаларына арналған халықаралық ғылыми форумдарда жиі баяндама жасаған. Жапондардың ортағасырлық поэтикалық жанры «вака» дәстүрлі поэзиясымен әуестеніп, альт аспабында ойнайды.