30 сәу, 2019 сағат 19:07

Жапон императоры Акихитоның тақтан бас тарту рәсімі өтті

Жапония императоры тағынан бас тартқан Акихито (оң жақта) Касикодоро храмынан шығып келеді. Токио, 30 сәуір 2019 жыл.

Жапония императоры Акихитоның тақтан бас тарту рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Рәсім сейсенбі, 30 сәуірде Токиодағы император сарайында өтті. Ресми түрде алдағы түннен бастап Акихито император міндетін атқаруды доғарады, деп хабарлады Азаттық.

Императордың тақтан бас тартуына байланысты салт-жоралғы сейсенбі күні таңертең басталған. 85 жастағы Акихито Токиодағы сарай аумағында орналасқан синтоистік храмға кіріп, күн құдайы Аматэрасуға құлшылық жасап, император тағынан кететіні туралы айтқан. Аңыз бойынша, жапон императорының әулеті Аматэрасудан өсіп-өнген.

Тақтан бас тарту рәсімінің өзі ұзаққа созылған жоқ. Акихито өзіне ұлттық нышан ретінде қолдау білдірген баршаға алғыс айтып, жаңа императордың тұсында Жапония мен күллі әлемнің бейбітшілігі мен бақыты үшін құлшылық қылатынын мәлімдеген.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ атаулы оқиғаға байланысты сөйлеген сөзінде Акихитоға алғыс білдірді.

Акихитоның тақтан бас тартуымен Жапонияда 30 жылға жалғасқан Хэйсэй ("Қол жеткен бейбітшілік") дәуірі аяқталады. Акихито енді ешқандай ресми міндет атқармайды. Ол тіпті 59 жастағы ұлы Нарухитоның таққа отыру салтанатына да қатыспайды. Жапонияның жаңа, 126-императоры Нарухитоның таққа отыру рәсімі 1 мамырда өтеді. Оның билікке келуімен Жапонияда "Рэйва" ("Тәртіп пен үйлесім") дәуірі басталмақ.

Акихитоның император тағынан бас тартатыны туралы ресми ақпарат 2017 жылы желтоқсанда жарияланған. Императордың өз еркімен тақтан бас тартуы Жапония тарихында соңғы 200 жылда алғаш рет қайталанып отыр. Император әулеті әлемдегі ең байырғы монархиялық әулетке жатады. Жапония конституциясына сәйкес, император ұлтқа ұйытқы тұлға саналады. Ол саясатқа және күнделікті ел басқару ісіне араласпайды.