30 мам, 2023 сағат 18:14

Жансейіт Түймебаевтың ұлына қатысты істе куәгерлер жауап берді

Фото: Almaty.tv

Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлына қатысты істе куәгерлерден жауап алынды. Оның ұлы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан еді, - деп хабарлайды Almaty.tv

Дүрбелеңдегі өлімге әскери десантты шабуылдаушы бригаданың жауынгері күдікті деп танылған. Алайда оның адвокаты мен туыстары кінәні айғақтайтын дәлелдің жоғын айтады. Отырыста жауап берген куәгерлер де 33 жастағы ер адам біреуді жазым қылды деген ақпаратты растамады.

Үш баланың әкесі Серікбол Мұратхан былтыр күзде қамауға алынған. Сот оны үйқамаққа жіберу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Күдіктінің туыстары тергеудің әділ болғанын қалайды.

"Отыздан аса куәгер келді. Бәрі 90 пайыз кінәсіз екенін дәлелдеп беріп еді. Артында екі баласы бар, әйелі үшіншісін босанды. Бұл - адам құқығын шектеп, құндылықтан айыру", - деді күдіктінің туысы Жанат Қуанышхан.

Еске салайық, Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар 2022 жылы 11 қаңтарда Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде көз жұмды. Елнардың көлігіне белгісіз біреулер оқ жаудырған. Салдарынан ол оқиға орнында қаза болған.