Бүгінде дүниежүзінің ең ірі мемлекеттерінің қатарына кіріп отырған Қазақстанның ұлан-байтақ жер көлемін сақтап қалуы қатардағы қолбасы батырлардың ерлігі арқасында ғана мүмкін болған нәрсе емес. Бұл қазақ хандары мен сұлтандарының даналығы мен көрегендігінің жемісі болатын. Біз дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына бет бұрған, ықтимал сын-тегеуріндерге тыңғылықты шеп құрған елміз. Еліміздің ширек ғасыр ішінде осыншалық зор жетістіктерге жетуі - Елбасының жүргізіп отырған, сарабдал саясатының жемісі екені ақиқат. Елбасымыз өз сөзінде «Біздің алдымызда қос тін жол тұр: не қазіргі ақиқатты еңсеріп, жаңа Қазақстанды жасақтаймыз, не ғайыпқа сіңіп, жоқ боламыз. Біздің таңдағанымыз – біріншісі, алайда біздің жасампаз жаңалығымыз тарихи бай тәжірибені тірек етуі керек» деген.
Мемлекет қызметін бақылаудың нәтижелілігі, көбіне бүкіл халықты жігерлендіріп, белгілі бір мақсаттарға жұмылдыра алатын идеология жасақтауға байланысты болатыны даусыз. Осыған орай, Елбасымыз «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», деді. 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған, 6 басым бағытты айқындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы таяу жылдардағы атқарылатын көп шараларға бастама болды. Қазақ елі - өзінің белгілі тарихы мен өзіндік болашағы бар еуразиялық ел. Сондықтан біздің моделіміз басқа ешкімге ұқсамайтын, өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңірген ел болуға ұмтылуымыз қажет.
Осы күнге дейін еліміздің еңсе көтеріп, егемендік алуына елеулі үлес қосқан тұлғалар аз емес. Оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін насихаттауда түрлі шаралар атқарылып жатқаны айқын. Солардың бірі – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген Елбасы мақаласындағы осы бір жолдар жобаның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.
Киелі Күреңбел небір айтулы азаматтар өмірге келіп, сарғайған тарих парақтарына есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғаларға бай өлке. Айбынды қазақ бабаларымыздың тұяғы бүгінгі күндері де елімізді әлемге танытып, келер ұрпаққа жарқын болашақ тұрғызу үшін аянбай еңбек етуде. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылығымен Кербұлақ ауданы бойынша «100 жаңа есім» жобасына қатысушы кандидаттардың құжаттары жинақталып, аудан мен мемлекеттіміздің дамуына зор үлес қосып жүрген азаматтардың құжаттары облысқа тапсырылуда. Республикалық деңгейдегі кітапқа шығары әлі уақыттың еншісінде, десекте бүгінгі күні арамызда жүрген ауданымыздың білім, спорт, мәдениет, өнер және тағы да басқа салада аянбай еңбек етіп, өз саласының үздіктері атанған азаматтарымызды біліп жүргеніміз абзал.
Қазақ бабамыз қашаннан қара күш иесі, түз даланың қаһарман ұландары болған. Солардың ізі, ауданымыздың мақтан тұтар спортшылары, Қызайбай Ақтөре досымханұлы, Жұмағазиев Дәурен Нұрдаулетұлы, Азамат Мұқанов сынды батырларымыз. Ұлдары ғана емес, қыздары да күшімен әлемді тамсандырған, ауданымыздың спорт саласында намысын қолдан бермей жүрген спортшыларымыз Еркебаева Гүлмарал Мененбайқызы мен Курышбаева Дилдаш Нуриханқызы. Осы аталған азаматтарымыз аудан, облыс, Республика, Әлем бойынша қазақ елінің атын шығарып жүрген спортшыларымыз.
Өмірін ат үстінде өткізген ата-бабам жылқы малын ерекше қастерлеген. Ер қанаты санаған. Бүгінгі күні де ат құлағында ойнап, жылқының бабын таба білетін шабандоз, Шұбар ауылының тумасы Мырзабаев Бауыржан Бақытжанұлы мемлекетімізді ат спорты бойынша шетелге танытып жүрген – жокей чемпионы.
Спортшылармыздың жеңіске жету жолында қажырлы еңбек ететіні мәлім, жеңіске жету жолында әр спортшының қасында өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай жүретін, спорт түрлерінің қыр-сырына машықтандыратын ұстаз жүреді. Солардың бірі Жоламан ауылының тумасы, қазақша күрес, самбо, дзюдо күрес түрлерінің жаттықтырушысы Балпухов Азамат Нұрмұханбетұлы.
Адам баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Білім тоқтаусыз, толассыз үрдіс. Қазақстан Республикасының білім саласының дамуына үлес қосып жүрген, шет елдерде білім алып, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісінің орынбасары, Жоламан ауылының тумасы Сарыбаев Мейрам Мейсенбайұлы.
Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен анықталады. Білім саласының тағы бір үздігі, Талдыбұлақ ауылының тумасы Жұмәділов Ержан Есетұлы. Жалындаған жастың бүгінгі күннің өзінде жеткен жетістіктері аз емес, Йошкар-Ола, Ресейдегі студенттердің Халықаралық интернет-олимпиадасында екі жыл қатарынан жүлделі орын иегері, Қ.И.Сәтбаев атындағы Орден, 2016 ж., және бұдан да басқа көптеген алғыс хаттар мен дәрежелі дипломдармен марапатталған. Физика пәнінің мұғалімі ретінде 2015-2017 оқу жылдары аралығында облыстық олимпиадада оқушылары 11 жүлделі орын, Республикалық олимпиадада 9 жүлделі орын иеленді.
Сан салалы ғалымдар мен өнерпаздарды түлеткен Бостан ауылы, өнер әлеміне қадам басқан Медет Таңатарұлының туған өлкесі. Медет 2011-2012 жылдары Астана қаласындағы мәдениет күндеріндегі гала концерттерде «Бейбітшілік» сарайында өнер көрсетіп, 4 рет Елбасының алдында ән салған, Италия мемлекетінің Милан қаласында өткен «Милан ЭКСПО – 2015» бүкіләлемдік көрмесіне қатысып, шетелде қазақ елінің өнерін, мәдениетін, әдет-ғұрпынан сыр шертетін ұлттық өнерімізді паш етті.
Аталған азаматтарымыздан басқа да көптеген еліміздің дамуына үлес қосып жүрген көптеген есімдер бар. Елбасымыз айтпақшы, «бүгінгі заманда өзінің асқақ арманына тек жаңаша ойлайтын, ерік-жігері мол, өзіне сенімді адамдар ғана қол жеткізе алады».
Мақала соңын Елбасымыздың сөзімен тәмамдасам, «ХІХ ғасырдағы Қазақстанның табыстарының кілті мына төрт тағдыр шешерлік ұғымдар болып табылады. Олар – Жаңғырту, Халықтың әл-ауқаты, Инновация, Интеграция». Жаңғырту – бүкіл мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі.
Зере САЙЛАУ,
аудандық ішкі саясат
бөлімінің бас маманы