Елімізде «Сарай сыры» атты тарихи телехикаяның түсірілімі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен ел тарихына қатысты тағы бір танымдық телехикаяны түсіру жұмысы басталды. «Сарай сыры» сериалы – Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, хандықтың ішкі өмірі мен сол кезеңнің кейбір тарихи сәттері туралы болмақ. Кеше шығармашылық топпен арнайы кездесіп, түсірілім жұмысына тілектестік білдірдік», - деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebooк-те.
Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киноға, соның ішінде тарихи туындыларға ерекше көңіл бөлу керектігі туралы үнемі сөз қозғайтынын айтып өтті.
«Себебі, кино өнері – көрерменге тек бір сәттік қызықты дүние жасап шығу емес. Бұл, ең бірінші кезекте, қоғамның санасын жаңғыртатын идеологиялық тәрбие құралы. Сондықтан, бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы белесінде, егемен елдің көзқарасымен өткен тарихымызды қайта түгендеп, әсіресе өскелең ұрпаққа ұлт тұлғаларын терең таныстырып отырудың маңызы зор.
Кілең талантты өнер майталмандарының қатысуымен түсірілетін телехикая биік талғамды көрермен қауымның көңілінен шығып, қоғам тарапынан зор ықыласқа ие болады деп сенемін. Шығармашылық ұжымға сәттілік тілеймін!», - деді Аида Балаева.