Қостанай облысы Жангелдин ауданының экологиясына зымыран қалдықтары құлағаннан еш зиян келмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов БАҚ өкілдерінің сауалына орай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл мәселе мемлекеттік органдармен әлі келісілген жоқ. Сонымен қатар ағымдағы жылдың күзінде Жангелдин ауданына қосымша барып қайту жоспарланған. Ағымдағы жылы жоспарлы ұшырулар көзделіп отырған жоқ. Бөлінген жер 22 шақырымға 44 шақырым. Экологиялық қауіпсіздікке қатысты айтар болсам, экологиялық сараптама қазақстандық тараптан да, ресейлік тараптан да жүргізілді. Бұған қоса, қоғамдық бірлесіктер деэкологиялық қауіпсіздікке, әсіресе жан-жануарлар әлеміне зерттеу жүргізді. Келешекте ұшыру бойынша шешім қабылданып жататын болса, онда үш жылдың ішінде 7 ұшыру ғана болатынын тағы да айтамын. Оттекті-керосинді отынды қозғалтқышы бар экологиялық таза зымыран қолданылатын болады», - деді министр.
Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, зымыран ұшырғаннан келетін экологиялық шығын Қазақстанның әуе кеңістігінен ұшақтардың ұшып кетуінен келетін шығыннан 75 есе төмен. Зымыран бөлшектері құлауға бөлінген жер мемлекеттік қорда тұр және ол ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылмайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Жанкелдин ауданы аумағынан зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілді. Қалдықтар белгіленген жылдар ішінде бірнеше рет құлайды. Сондай-ақ, аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылады. Ал іргесіне қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады.