01 қаз, 2021 сағат 20:13

“Жандары жас қариялар”: Самұрық-Қазынаның қайырымдылық акциясы


Бүгін, 1 қазан, Халықаралық қарттар күні “Самұрық-Қазына” компаниялар тобының еріктілері елордада 40 ардагер мен тыл еңбеккерлерін құттықтап барды. SK Volunteer тобының мүшелері қарттарға сыйлық жасап, күздің суық күнінде жылы сөздерімен көңілдерін қуантып қайтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кететін жайт, еріктілер санитарлық шараларды сақтай отырып, әрбір қарияның азық-түліктен жиналған үлкен сыйлығын үйіне дейін апарып, олардың әңгімелерін тыңдап қайтты. 

“Жалпы, бұндай акциялар тек қарттарымыз үшін емес, жастар үшін де маңызды. Өйткені, осындай кездесулер арқылы еліміздің дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы адамдармен сөйлесіп, тәжірибесін естуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұны міндет көрмей, керісінше, қарттарымызбен қуана кездестік”, - дейді еріктілердің бірі. 

Қариялар әрине, өз кезегінде “Самұрық-Қазынаның” жастарына алғыс айтып, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, SK Volunteer еріктілер лигасы “Самұрық-Қазына” компаниялар тобының мейірімді қызметкерлерін біріктіретін үлкен топ.

Қордың еріктілері төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі Qamqor бағыты - көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады, Umit бағыты қоғамдық еріктілерді біріктіреді, Asyl mura – Қазақстанның тарихын сақтауға көмектессе, Taza Kazakhstan – табиғатты қорғайтын бағыт.