18 сәу, 2020 сағат 18:47

Жандарбек Бекшин жаңа қызметке тағайындалды

Алматы қаласының жаңа бас санитар дәрігері болып Жандарбек Бекшин тағайындалды, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

"Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен 2020 жылғы 18 сәуірден бастап Жандарбек Мұхтарұлы Бекшин Алматы қаласының бас санитар дәрігері болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін бұл қызметті Айзат Молдағасымова атқарған еді. Оның кезінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырды. Қаланың бас санитары бұған дәрігерлердің  қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Алайда ақхалаттылар Молдағасымованы жала жапты деп айыптап, президенттің атына хат жазды.

Соңғы дерек бойынша Алматыда 234 медицина қызметкері індетке шалдыққан.

Жандарбек Бекшин бұған дейін ұзақ жылдар Қазақстанның бас санитар дәрігері қызметін атқарды.

20 наурызда оның орнына Айжан Есмағамбетова келді.