09 нау, 2020 сағат 09:44

Жаңартылған білім бағдарламаларының нәтижесін қашан көреміз?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздегі жаңартылған білім беру бағдарламалары туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жоғары білім жүйесінде ЖОО-лардың академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестігі кеңейтілді. 7 778 білім беру бағдарламасының реестрі іске қосылды, оның ішінде 2 071-і – инновациялық. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен қос дипломдық 329 бағдарлама мен 243 бірлескен білім беру бағдарламасы іске асырылуда. 378 білім беру бағдарламасы бойынша 44 ЖОО-да оқыту шаралары ағылшын тілінде жүргізілуде», - деді А. Мамин депутаттық сауалға жауап бере отырып. 

Оның сөзіне қарағанда, беделді халықаралық рейтингтерде Қазақстан оңтайлы орындарда тұрақтанды. 

Сонымен қатар, Үкімет басшысы мектеп оқушыларына арналған жаңартылған білім бағдарламаларының нәтижесі бірнеше жылдан кейін сезілетінін түсіндірді. 

А. Маминнің айтуынша, жаңартылған бағдарламалардың әсері тек PISA-2021-де болады, ал PISA-2024 кезінде нәтижелік деңгейі артады. 

«Осы уақытта PISA-2024-ті тапсыратын оқушылар жаңартылған білім мазмұны бойынша 7-8 жыл оқиды», - деді Премьер-Министр. 

Айта кетейік, PISA - 15-жастағы білім алушылардың математикалық, жаратылыстану және оқу сауаттылығы деңгейлерін бағалайтын халықаралық зерттеу. Жобаның үйлестірушісі - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ). Зерттеу білім беру саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың қатысуымен Консорциум арқылы іске асырылады. Зерттеу үш жылдық кезеңмен өткізіледі. Әрбір кезеңде басым бір бағыты анықталады.