12 сәу, 2023 сағат 14:02

Жаңаөзендіктердің мәселесі көшеде шешілмейді – Жаңбыршин

Фото: ҚазАқпарат

Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Астанада ереуілге шыққан жаңаөзендіктердің мәселесі көшеде шешілмейді деп есептейді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігі хабарлады.

"Көшеде немесе далада мәселе шешілмейді. Бұл – бір. Екіншіден мен "БерӘлі" компаниясының басшысымен сенбі күні кездестім, Ақтауға бардым. Компания басшысы құжаттарын алып келді, ол құжаттардың барлығын мұнда алып келдім, екі күн сол құжаттарды саралап, зерделеп, арнайы Бас прокуратураға, "Самұрық-Қазынаға", энергетика министрлігіне хат жолдадық. Құзырлы органдармен, Мәжіліс басшыларымен осы проблемаларға қатысты жұмыс жүргізілді", - деді Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаты қолында мұнайшыларға қатысты құжаттардың барлығы бар екенін атап өтті.

"Қандай мәселе болса да үстел үстінде шешіледі. Бәрін заң аясында жасау керек. Жұмысшылардың мәселесін ғана емес, жалпы осы жүйедегі проблеманы шешу керек", - дейді ол.