Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында Парламент депутаттары бастамашылығымен әзірленді.
«Осы заң жобасы 2020 жылғы 8 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды. Талқылау кезінде атап өтілгендей, тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған үш операторын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың қайталанатын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған», - деді Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов.
Заң жобасында Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының келесі нормалары енгізілген: ипотекалық тұрғын үй қарыздарына кепілдік беру, үлескерлердің құқықтарын қорғау тетігін қолдану арқылы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру жөніндегі қызметтерін регламенттеу.
Еске сала кетейік, биыл сәуір айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ны, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ны Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге бағытталған.