ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасы аясында іске асырылатын жұмыстарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Осы орайда бірқатар мәселелер қаралып, оның ішінде жұмыспен қамтудың Жол картасын жүзеге асыру талқыланды. Бөлінген бір триллион теңгенің 970 млрд теңгеге жуығы өңірлер арасында бөлінді», - деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен.
Бағдарлама әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымды, ТКШ нысындарын жаңарту мен елді мекендерді абаттандыру арқылы жұмыс орындарын құруға бағытталған.
«Бұдан бөлек, жаңа нысандардың құрылысы ескерілген. Осы ретте 147 әлеуметтік нысан, 56 тұрғын үй мен жатақхана, 75 сумен қамтамасыз ету нысаны, 33 газбен қамту нысаны, 42 электр энергиясымен қамтамасыз ету нысаны және басқа да құрылыстар іске асырылмақ», - деді ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, 73 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,5 мыңнан астам әлеуметтік нысанда тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл тұрғыда мектептер, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері қамтылады. ТКШ-ның 979 нысаны жаңартылады, яғни су құбырлары, жылумен қамтамасыз ету мен су бұру жүйесі жөнделеді. Жалпы, 7 мыңнан астам жоба іске қосылып, 240 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.