02 ақп, 2018 сағат 18:37

Жаңа құрылған "Алаш" партиясының бағдарламасы

Жақында танымал қоғам белсендісі Сырым Әбдірахманов Қазақстанда жаңа бір партия құрылатынын хабарлаған болатын.  Партия «Алаш» Халықтық Социалды-Демократиялық партиясы деп аталады. Бұл бастаманың анық-қанығын білу үшін Сырымның өзіне хабарласып, аз-кем сұхбат құрдық. Партияның толық бағдарламасын да көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Сырым Әбдірахманов: Артымызда бір ғана мүдделі күш тұр

- Бұл партияны құру идеясы қайдан, я неден пайда болды?

- Құранға қолды сала отырып айтқанда, оның алдында саясатқа араласу түгел, тіпті партия құру бастамасын көтеремін деп ойламап едім. Етегі әбден жайылып, Елдің Тәуелсіздігіне қауып төндіріп отырған жемқорлыққа төтеп береміз деп он шақты белсенді жас басымызды қосып, Халықаралық жемқорлыққа қарсы бюросын ашуды ұйғардық. Оның немен біткенін өзіңіз де жақсы білесіз. 3 рет Әділет министрлігіне тіркеуге бердік, үшеуінде де тіркемей тастады. 3 жылдан астам уақыт жемқорлық мәселесін көтеріп келеміз. Тіпті Парламенттегі депутаттардың ұсқынын көрмеген кешегі Шахтинскідегі шахтерлердің ереуіліне дейін барып келгенбіз. Бұндағы мақсатымыз халықтың ішінде іріткі салу емес, қарапайым жұмысшылардың жетпей жатқан үнін Елбасыға, Үкіметтегі аяғы «жерге» тимеген министрлерге «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир, одан қалды ютуб арқылы жеткізу еді. Керісінше елдің әлеуметін ызаға тепкілеп отырған Үкіметтің өзі. Себебі, әлеуметтік министр Дүйсенованың шахтерлердің алатын жалақысы 326 мыңнан асатындығын Елбасыға рапорты қара жұмысшылардың ызасын туғызып, ереуілін күшейткені рас. Екі ортада қара тер болып жүгіріп жүрген облыс әкімі Қошанов пен біз болдық. Ал шахтерлардың айтуы бойынша олардың алатын жалақысы 100-150 мыңның айналасы болып шыққаны, Үкімет пен Халықтың арасындағы байланысының үзілгенін көрсетеді. Бұндай Үкіметтің бізге не керегі бар? Аяғы «жерге» тимеген министрлер демекші, олар түгел халықпен тығыз жұмыс жасау керек «Нұр Отанымыз» қайда болды? «Нұр Отанымыздың» тізімімен сайланған Парламент депутаттары қайда қалды? «Хабар» мен «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы неге анығын естірмеді? Бізден басқа біреуі де бармады! Ендігәрі халықтың мұң-мұқтажының шешілу деңгейі осындай болса, көк төбемізге қарап, жарқын болашақты аспаннан күтіп отыратын жағдай жоқ. Әділет министрлігінің етегінде Халықаралық жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестігімен майдаланып жүргенше, «Алаштың» туын көтеріп, Еліміз, Жеріміз үшін атылып өлген артық деп партия құруға шешім қабылдағанымыз сондықтан!

Артында қандай мүдделік күштер тұр?

- Сіздің сұрағыңыз арқылы қоғамның өз көлеңкесінен қорқатын деңгейі айқындалады. Себебі, біреу саяси ұйым құрып жатса, әлде халық ігілігіндегі бастамасын көтере қалса артынан біреуді іздейміз. Қоғамдағы жүрген зиялылардан да, белсенді азаматтардан да сұрайтыным Қазақ атам заманнан ондай емес еді ғой? Бүгінгі қоғамның кейбір кейпі сондай болса, жалпы Халық қорықпайды, дат айтады! Себебі, қазақ елінен басқа басар тауы да, жері де жоқ! Ата-бабалардың да сүйегі осы жерде, ұрпағы да осы жерде туылды! Сондықтан бұл сұрағыңызды бір ғана жауаппен қайтарайын. Біздің артымызда бір ғана мүдделік күш бар – ол Халық!

- Партия жұмысы қайдан қаржыландырылады?

- Менің білуімше «Нұр Отан»-ның 1 жылдық бюджеті 6 миллиард теңгеге жуық немесе 17 миллион доллардан астам қаржыны құрайды, соның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілердің жарнасымен қоса мемлекеттік бюджеттен түсетін қаражат бар. Байдың баласы кедеймен ойнамайды десек те, Құдайға шүкір жарлы емеспіз, қолдап отырған халық бар, қол ұшын созып отырған қарапайым кәсіпкерлер де жоқ емес. Сондықтан, бұл бас ауыртатын мәселе емес. Алдымен, бүкіл күш-жігерімізді партия бағдарламасының жүзеге асырылуына бағыттап, елдің сенімін ақтайтындай жұмыс атқару – бүгінгі таңдағы басты ойымыз да, мақсатымыз да сол.

- Алдағы электоралды компанияларға, яғни сайлау процестеріне қатысу жоспарда бар ма?

- Құдай қаласа билік әкімшілік шараларын қолданбаса болашақта Парламенттің 70% орны «Алаштікі» болады. Бірақ алдымыздағы сайлауға үлгермей жатсақ, себебі, партияны тіркеу үшін кем дегенде 40-50 мың қолдаушылардың қолын жинау керек, онда келесі сайлауға міндетті түрде қатысамыз да, жеңіп шығамыз. Оған күмән жоқ. Егер осы сайлауға үлгермей жатсақ, бір мандаттық округтері бойынша мәслихаттардан орын алуға жұмыстанамыз. Ол бір жағынан үлкен сайлаудың алдында әріптестердің саяси төзімділігіне сынақ болса, екінші жағынан жақсы тәжірибе болатыны сөзсіз. Дегенмен, біз бірінші сапқа билікке таласты емес, халықтың жылдап шешілмей келе жатқан мұң-мұқтажының шешілуін басты орынға қойып отырмыз. Ол басты мүдде!

- "Алаш" деген атты арқалау ауыр жүк артады деп ойламайсыз ба?

- Бұл Үкіметтің жемін жеп жүрген қуыршақ оппозиция мен соның төңірегінде жүрген қоғамдық пікір қалыптастырушылардың халық бастамасына әдейі жасап отырған теріс пиғылы. Осындай жазғыштар мен айтқыштардың кесірінен Алаштық аталарымыз да атылып кеткен. Айтсаң өзіңе тиеді. Себебі мен де қазақпын, жүрегім қазақ. Өлі разы болмай, тірі байымайды, бауырым. Өзім де жақында намазға жығылдым. Егер сол кезде марқұм аталарымыз «Алаш» автономиясын құрып, қазақтың Тәуелсіздігі үшін күрессе, біз бүгінгі «Алаш» қазақтың Тәуелсіздігін сақтап қалуға күресіп жүрміз. Сондықтан, «әліптің артын бағып отырмыз» деп сылтауратпай, бір «Алаш» туының астында қосылып, ел игілігіне, жемқорлық етегінен жайлаған Қазақ Елінің Тәуелсіздігін сақтап қалуымызға бірігіп жұмыс атқаруымыз керек!

- Бағдарламаңызды қысқаша түсіндіріп өтсеңіз...

- Жалпы, Шаке, сұхбатқа тартқаңыңыз үшін мың да бір рақмет! Ол «Ұлт» порталының елде болып жатқан үрдістерге немқұрайлы қарамайтындығын көрсетеді, халыққа жанашырлығын айқындайды. Болашағымыз және елге төніп келе жатқан қауып, тығырықтан шығар жол турасында айтатын көп болғандықтан, күні-түні жазып, бүгін ғана дайын болған «Алаштың» Бағдарламасын жарияласаңыз деген сұрау бар. Халықтың да, өзіңіздің де бұдан әсері болатыны сөзсіз.

«Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясының

2 жылда Қазақстанды құтқару бойынша

НАҚТЫ ІС-ҚИМЫЛ БАҒДАРЛАМАСЫ

 «Ел болам десең – бесігіңді түзе» ұлттық идеясы!

Центристік көзқарасын ұстанатын «Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясын ата-бабамыз қан мен тер төгіп, мұра еткен еліміздің Тәуелсіздігін сыбайлас жемқорлықпен, бюрократия мен әділетсіздікпен күрес арқылы сақтап қалу үшін, Қазақстанның белсенді жастары құруда!

Біз Қазақстанның көп ұлтты халқын «Алаш» туы астына бірігу турасындағы бағытын айқындадық!

Біз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп конституциялық бекітетін елдің жаңару партиясымыз!

«Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясы өзінің стратегиялық мақсаты ретінде әрбір азаматтың Конституциямен бекітілген құқықтары мен бостандығы, ең алдымен «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» құжатында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) резолюциясымен бекітілген, өмір сүру, бостандық және жеке адамның дербес құқықтылығы бар демократиялық және әділетті азаматтық қоғамды қалыптастыруды көздейді.

Ел Конституциясы мен заңдарын басшылыққа ала отырып, партия өз жұмысының басты мақсаты етіп азаматтық қоғам мен барлық деңгейлердегі биліктің нақты диалогын жаңғыртуды айқындайды.

Елдің жария етілген жаңғырту бағытын қолдай отырып, партия да тұтас қоғам сияқты, мемлекеттік құрылымдардың биліктің өзінің, елдің және қоғамның жаңартылуынан іс жүзінде жалтаруымен келісе алмайды. Ең алдымен бұл кадрлық саясатта, саяси және мемлекеттік қызметшілердің сыбайласуында, ел өмірінің барлық салаларындағы жемқорлықтық-туыстық қатынастардың бұрмаланған идеологиясында айқын көрініс береді.

Қоғам, әрбір азамат «Адамгершілік» қағидасы бойынша өмір сүруді қалайды және адами тұрғыда, әділетті қоғамда лайықты өмір сүруі тиіс.

Осыған байланысты, «Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясы ҚАЗАҚСТАНДЫ 2 ЖЫЛДА ҚҰТҚАРУ БОЙЫНША НАҚТЫ ІС-ҚИМЫЛ БАҒДАРЛАМАСЫН ұсынады:

БІРІНШІ ЖЫЛ.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН НАҚТЫ КҮРЕС

  1. Блокчейн жүйесі бойынша мемлекеттік аппаратты, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, заң шығару билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, сондай-ақ ұлттық компанияларды басқару және оған мониторинг жасау, қаражатты жұмсалуының қадағалауын енгізу. Ашық мемлекеттік жүйені енгізу жағдайында, Қазақстан елдің ең озат 10 елінің қатарына кіреді және әлемдік инвестициялар тарту бойынша озат мемлекет болады.
  2. Елбасының басшылық етуімен Бас прокуратура, ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы, МКҚ, СырБар, Барлау, Қаржы министрлігі (Мемлекеттік кіріс комитеті, Кедендік бақылау комитеті), Сыртқы істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлері арасынан елден қылмыстық жолмен шығарылған қаражат пен активтерді елге қайтару немесе салық төлеуден жалтарып жүргендерді анықтау бойынша Орталық жедел штабын құру.
  3. Елдің барлық 193 мемлекетімен қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісім жасасу.
  4. Барлық беделді Халықаралық қауымдастықтарға – сыбайлас жемқорлыққа қарсы блокқа қатысушы ірі мемлекеттер қатарына кіру.
  5. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін функцияларын бөлу арқылы қайта құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем жаңа орталық орган құру – Сыбайлас  жемқорлықты тергеп-тексеру комитеті (СТК), оған Мемлекет басшысына тікелей бағынатын етіп, саяси және функционалдық дербестік беру, ал саяси реформалар жүргізгеннен кейін – Сингапур әдісі бойынша қайта сайланған Қазақстан Парламентіне бағынышты ету.
  6. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан қашып кеткен, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды елге қайтару, соның ішінде «Нұр Отан» президенттік партиясының Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Ерқанат Тайжановты (Астананың «Азбука жилья» тұрғын-үй кешені үлескерлерінің қаражатын жымқырғаны үшін), Үкіметтің бұрынғы мүшесі – Қазақстанның энергетика министрі және «ТұранӘлемБанкі» иесі Мұхтар Әблязовты (салымшылардың қаражатын жымқырғаны үшін), Міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысы Талапкер Иманбаевты (азаматтардың жинақтарын жымқырғаны үшін) және басқаларды елге қайтару қажет.
  7.  «Қазмұнайгаз» басшысы Сауат Мыңбаевты және Үкімет мүшесі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты «ICIJ» Халықаралық журналистік зерттеулер бірлестігі және «IOCCRP» Сыбайлас жемқорлықты және ұйымдасқан қылмыстылықты зерттеу орталығы «Панама ісі» және «Жұмақ құжаттамасы» бойынша анықтаған, офшорлардағы ақша шоттары үшін мемлекеттік функциялардан босату.
  8. Қазақстанның қазіргі және бұрынғы жоғары қызметтегі шенеуніктерін, ұлттық компаниялардың басшылары мен қызметкерлерін, олигархтарды, сондай-ақ елдің басқа да азаматтарын (тізім бойынша) «ICIJ» Халықаралық журналистік зерттеулер бірлестігі және «IOCCRP» Сыбайлас жемқорлықты және ұйымдасқан қылмыстылықты зерттеу орталығы «Панама ісі» және «Жұмақ құжаттамасы» бойынша анықталған істер бойынша, егер қаражат офшорларға қылмыстық жолмен шығарылған болса немесе аталған тұлғалар салық төлеуден жалтарған болса, халықаралық заңдардың нормалары бойынша жауапқа тарту. Қазақстандық шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлерінің офшорлық шоттарын анықтау бойынша тәжірибені жалғастыру.
  9. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне, сондай-ақ оның басқа да бөлімшелеріне 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру нәтижелерін ашық әшкерелеу шеңберінде Қазақстанның аграрий ғалымдарының ресми өтініші негізінде, ғылыми мемсараптаманың ашықтығы мен қаражатты жұмсау тұрғысынан қаржылық тексеру ұйымдастыру.
  10.  Шенеуніктердің, квазисектор қызметкерлерінің және олардың жақын туыстарының мүлкін ел азаматтарына ашық қолжетімділікте салық органының ақпараттық порталында декларациялау жүйесін енгізу.
  11.  Орталық және жергілікті меморгандардың, заң шығарушы билік органдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша елдің барлық өңірлерінде 16 филиалы бар Бірыңғай орталық орган құру, сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік сатып алу порталын енгізу.
  12. Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзған тұлғаларға қаражаттар мен активтерді қайтарған жағдайда, жазаны жеңілдету.
  13.  Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзған адамдарға дәрежесіне, еңбегіне және қызметіне қарамастан кепілдік сома енгізуді алып тастау.
  14.  Сыбайлас жемқорлық заңнамасы шеңберінде, ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің жауаптылығын саяси және мемлекеттік қызметкерлер мәртебесіне теңестіру.
  15.  «БАҚ туралы» Заңға саяси және мемлекеттік қызметкерлерден, сондай-ақ ұлттық компания қызметкерлерінен журналистік тексеру жүргізу барысында олардың аттарын атау турасында рұқсат алу бөлігіндегі түзетулерді алып тастау.
  16.  «Хабар» телекомпаниясы, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындарын, мұнай өндіру зауыттарын, «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком» және басқа да байланыс объектілерін, «Қазатомпром», «Тұрғын-үй жинақ банкі», астаналық және өңірлік әуежайлар, трансшекаралық суларға шығатын теңіз порттары сияқты басқа да стратегиялық объектілерді жекешелендіруді тоқтату және мемлекеттік меншікке қайтару. Стратегиялық объектілер тізбесіне Қазақстанның Үкіметін қосу.

СОТ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ 

  1. Қазақстанның Жоғарғы  Сотының төрағасы Ж.К. Асанов Жоғарғы Сот судьяларының қаңтар айындағы кеңейтілген кеңесінде айтқан 7 бағытты 100% іске асыру.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы соттар құру. Мемқұрылымдардың шенеуніктерінің, ұлттық компаниялардың қатысуымен болған қоғам назарына ілінген барлық қылмыстық және азаматтық істерді, соның ішінде жер даулары, инвесторлардың, ел азаматтарының мүлкін рейдерлікпен тартып алу (Ресей инвесторы мен Қазақстан азаматтарының «7 континент» Бизнес-орталығындағы мүлкінен айырылуы, «Жамбыл-құс» тараздық құс фабрикасы, адвокат Бауыржан Азановқа қатысты сот ғимаратында заңсыз күш көрсету бойынша әйгілі оқиға) сияқты басқа да істерді қайта қарау.

САЯСИ ЖҮЙЕНІ РЕФОРМАЛАУ

  1. Мемлекет басшысы төрағалық ететін саяси партиялар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінің қатысуымен елді модернизациялай Ұлттық комиссиясын құру.
  2. Мемлекеттік басқарудың Президенттік-Парламенттік формасына өту;
  3. «Сайлау туралы» жаңа заң қабылдау, соның ішінде партиялық тізімдер бойынша квоталарды қысқартып, елдің әр 16 өңірінен бір орыннан Қазақстан Парламентіне бір мандаттық округтер бойынша сайлау жүйесін енгізу.
  4. Мемлекетте бір Парламент палатасының жұмыс істеуін енгізу.
  5. Қазақстанның қазіргі Парламентінің Сенат пен Мәжіліс депутаттарын тарату және бір палаталық Парламентке мерзімінен бұрынғы сайлау өткізу. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО қатысушы мемлекеттерді, барлық ұйымдар мен миссияларды және т.б. шақыру.
  6. Блокчейн электрондық дауыс беру жүйесін қолдана отырып ел Парламентіне сайлау өткізу.
  7. Қазақстан Парламенті депутаттарының еңбекақысын 900 000 теңгеден сайлаушылардың орташа еңбекақысы деңгейіне дейін төмендету.
  8. Астана және Алматы қалаларының әкімдерін қоспағанда, барлық деңгейдегі әкімдердің сайлануын енгізу.
  9. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының барлық қатысушыларын ақтау.
  10. Атыраудағы «жер мәселесі бойынша» түрлі жазалау мерзімдері тағылған бейбіт митингке қатысушы Талғат Аян мен Макс Бокаевқа қатысты қылмыстық істерді қайта қарау және оларды бостандыққа шығару, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылған басқа да қатысушыларды, соның ішінде азаматтық белсенді Айдын Егеубаевты ақтау.

МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫ РЕФОРМАЛАУ

  1. Саяси және азаматтық қызметкерлерді, сондай-ақ ұлттық компания қызметкерлерін «бейсана деңгейінде» тестілеудің халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесін енгізу, бұл ретте әлеуетті жемқор әлемдік полиграфология ұйымдары мойындаған, психологиялық портеті арқылы анықталады.
  2. Мемлекеттік аппаратты блокчейн басқару және мониторинг жасау жүйесін енгізу есебінен бүкіл мемаппаратты және қайталанушы ұлттық компанияларды 50%-ға қысқарту.
  3. Барлық саяси және мемлекеттік қызметшілерді қайтадан аттестаттау. Штатты жаңарту.
  4. Орталық мемлекеттік органдардың жергілікті атқарушы билік органдарымен қайталанатын аумақтық бөлімшелерін қысқарту.
  5. Штатты қысқарту есебінен, еңбекті саралап төлеуді қолдана отырып 100%, яғни екі есе арттыру.
  6. Мемқызметте кем дегенде 10 жыл еңбек өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілерді жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету.
  7. Көмекшілер мен баспасөз хатшыларын қоспағанда, саяси және мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің командалық орын ауыстыру тәжірибесін тоқтату.
  8. Орталық және жергілікті меморгандарда Қытай мемқызметі моделі бойынша «иерархиялық мансаптық саты» жүйесін енгізу.
  9. Арнайы қызметтер құрылымдары мен басқа да құпия ұйымдарды қоспағанда, мемқызметкерлерге де, ел азаматтарына да меммекемелерде смартфондар қолдануға рұқсат ету.
  10.  Мемқызметкерге қызметте болған кезеңде қандай да бір партияға мүшелік етуге заңды түрде тыйым салу.

ПОЛИЦИЯНЫ РЕФОРМАЛАУ және ҚҰҚЫҚТЫҚ ОРГАНДАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

  1. Полиция мамандығының беделін «көлденең пайда табу» табысы ретінде емес, Отан мен халыққа қызмет ету мамандығы ретінде көтеру. 
  2. Азаматтарды полиция органдарына жоғарғы білімсіз және қалдық қағидаты бойынша жұмысқа қабылдауды тоқтату.
  3. ІІМ институттары мен академияларында сөйлеу әдебінің нормаларын, психологиялық тәртіп пен әр түрлі күтілмеген жағдайлар үшін келіссөздердің қыр-сырын енгізу.
  4. ІІМ институттары мен академияларында жеке құрамды қайта дайындауға, Қазақстан әскерінде борышын өтеген басқа мамандық бойынша жоғарғы білімі бар азаматтарды қайтадан квалификациялау мен дайындауға 8 апталық курс енгізу. 
  5. ІІМ институттары мен академияларында психологтармен кездесу мен тұрақтылық пен интеллектке арналған тесттерді енгізу.
  6. Полиция жұмысына үміткер қып IQ орташадан жоғары ғана азаматтарды қабылдау.
  7. Жолдағы тұрған полиция қызметкерлерін алып тастау. Патрульдеу тәжірибесін жалғастыру.
  8. Қазақстан ІІМ барлық жеке құрамы мен оның бөлімдерін қайта аттестациядан өткізу.
  9. Полицияға таяқты тәуліктің тек қараңғы уақытында автокөлікті реттеу үшін ғана қолдануға рұқсат беру.
  10.  Қызметте үздіксіз 10 жыл қызмет еткен еңбек өтілі бар прокуратура мен арнайы қызмет органдарын, полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерді жекешелендіру құқығы бар жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету.

ЖЕР РЕФОРМАСЫ мен АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

  1. Израиль тәжірибесі бойынша ауыл шаруашылығы аясындағы бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуға арналған мұнай өндіру аймақтарындағы (Маңғыстау, Атырау облысы және т.б.) өндірісті қайта бағдарлау бойынша «Жасыл дала» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау. 2007-2014 жылдары Израильді басқарып отырған Шимон Перес өзінің жарамсыз құмды және тасқа айналған жері бар елін ауыл шаруашылығы мәдениетін өндіруші мен 5 үздік әлемдік өндірушілердің қатарына қоса алды. Бұл Қазақстанның да қолынан келеді.
  2. Жылыжай шаруашылығын дамыту мен құрылыс бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламаны қабылдау. Елдің барлық 16 аймағында АҚШ пен Нидерланд тәжірибесі бойынша жоғары технологиялық жылыжайлар салу. Бұл шаралар төменгі баға бойынша жеміс-көкөніс өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етумен қоса, шетелге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
  3. Ауылдықтардың жеке шаруашылық қожалықтарын жаппай дамытуы бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламаны қабылдау.
  4. «Атамекен» ҰКП мысалында 2017-2021 жылдардағы жаппай кәсіпкерліктің өнімді жұмысбастылығының мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық аудан, ауыл және облыс орталықтарында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік қызметін үйрету бойынша Мектептердің» санын арттыру.
  5. Мал мен құсты өсіруге арналған жеке шаруашылық қожалықтарын ашу үшін ауылдықтардың несие желісін жылдық өсімі 4%-да 20 миллион теңгеге дейін арттыру.
  6. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ және Қазақстан азаматтарына сатуға тыйым салу.
  7. Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру бойынша  Жер кодексі бабын 49 жылға қалдыру.
  8. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға жалға беруге тыйым салу.
  9. Жайылымдарды шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғалар мен Қазақстан азаматтарына жалға беруді тоқтату. Жайылымның барлық жерлерін мемлекет қорына қайтару.
  10.  3 жыл бойы қолданылмаған барлық жерлерді, инвестициялық қажеттілік пен ауылшаруашылық жерлерін мемлекет қорына қайтару.

БІЛІМ БЕРУ, МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ және МЕКТЕПТЕГІ ТӘРБИЕ, СПОРТ, ЖАСТАР және РУХАНИЯТ

  1. Астана қаласында Бизнесті жүргізу мен ұйымдастыруды үйрету бойынша 7-11 сынып оқушылары үшін арнайы Ұлттық зияткерлік кәсіпкерлік мектебін ашу. Кампус аумағында тұру мен барлық жағдай жасалған халықаралық класстағы көпфункционалды мектеп қалашығын салу. Еліміздің барлық түкпірінен – қаладан, ауылдан, ауданнан дарынды балалардың басын қосу. Қазақстан жыл сайын мыңдаған дайын кәсіпкерлер мен бизнесмендерді дайындап шығаратын болады.
  2. Барлық мектеп оқулықтарын олардағы тапсырылған тақырыптардың жүктемесі, оладың әдептілікке және оқыту жылына сай болуы тұрғысынан ғылымның білікті өкілдері, депутаттық корпус, мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық қайраткерлер мен оқушылардың ата-аналарынан құралған тәуелсіз сараптама жасау.
  3. Мемлекетте барлық мектеп сабақтарын үш тілде жүргізуге тыйым салу, бұның орнына еліміздің барлық 16 аймақтарында үш тілдік білім беруді оқытатын арнайы тәжірибелік бір мектептен ашу. Мектеп білім беру жүйесіне 4 сыныптан бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқыту.
  4. Қазақстанның барлық мектептерінде 9-11 сынып оқушыларын кәсіби-техникалық мамандыққа қосымша білім алу үшін оқыту бойынша оқу-өндірістік комбинаттарды жандандыру (тігінші, токарь, шаштаразшы, аспазшы және т.б.)
  5. 7-9 сыныптардағы еңбек сабағында ұлдар үшін – орындық, үстел, шахмат тақтайларын өндіру, тсс, қыздар үшін – тігін, тоқыма, қуыршақ дайындау, тсс жандандыру.
  6. 10-11 сынып оқушылары үшін алғашқы әскери дайындық сабақтарын күшейту. Барлық мектеп ауласында оқу полигондарын, көше жаттығу құрылғыларын, белтемір мен қоссырықтар орнату.
  7. Еліміздің барлық аймақтарында 7 мың адамды бір уақытта қамтитын көп функционалды жастар Сарайын ашу (2 мың адамды қамтитын шаралар өткізетін Үлкен зал, конференция залдары, коворкинг-орталықтары, кибернетика, роботтықтехника, ІТ, тез оқуға үйрету, шахмат, дебат, Олимпиада бассейні, мұз айдыны, футзал, жүгіру залы, бокс, күрес және т.б.). Осыған ұқсас құрылыс аумақтарын 1 мыңнан астам адамды қамтитын аудан орталықтарында тұрғызуды қарастыру.
  8. Қазақстанның барлық мектептерінде «Қазақша күрес» бойынша тегін спорт секцияларын ашу. Үкімет мектептерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуі керек.
  9. Мектепке дейінгі және мектептік жастағыларға рухани тәрбие беру арнайы  әдістемесін әзірлеу.
  10. Бала-бақшалардың тәрбиешілерін мектепке дейінгі және мектептік жастағыларға рухани тәрбие беру бойынша арнайы құрастырылған әдістемесі негізінде қайтадан дайындауды ұйымдастыру.
  11.  Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бала-бақшалардың мемлекеттік тапсырысын қаржыландыруды 3 есе арттыру.
  12. Бірдей мектеп формасының мемлекеттік стандартын құрастыру.
  13.  Қазақстан мұсылмандарын рухани басқармасының ресми позициясы негізінде 15 жасқа жеткен оқушы қыз балаларға орамал тағуға рұқсат беру.
  14.  Қысқа шалбар кигендері және сақал өсіргендері үшін азаматтарды жазалау туралы Қазақстан Үкіметінің бастамасын тоқтату.
  15.  Жастарды барлық орта-кәсіптік оқу орындарында тегін білім берумен қамтамасыз ету. Орта-кәсіптік оқу орындарының 70%-ын кәсіби-техникалық мамандықтарға бейімдеу (комбайн жүргізушілері, краншы, дәнекерлеуші және басқа да ауыр техника жүргізушілері, тсс).
  16.  Жоғарғы оқу орындарындағы ІТ мамандық пен техникалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік грантты 3 есе арттыру.
  17.  Жоғарғы оқу орындарындағы кредиттік жүйе бойынша білім беру әдістемесін қайта қарау. 
  18.  Мемлекеттік тілді жетік игерген Қазақстан халқы Ассамблея өкілдерін Жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілінде білім беретін бөлімдерге тегін білім берумен қамтамасыз ету.  
  19.  Ағылшын тілін оқытудың үздік әдістемесі негізінде қазақ тілді оқытудың 3 айлық оқыту әдістемесін құрастыру.
  20.  Еліміздің барлық 16 аймағында мемлекеттік тілді дамыту мен оқыту бойынша арнайы Ұлттық ғылыми орталығын ашу және еліміздің азаматтарын жаппай ерікті оқытуды бастау. Еліміздің мемлекеттік және саяси қызметтеріндегі азаматтарды мемлекеттік тілді оқытуға міндеттеу.
  21.  Қазақстанның Азаматтық қоғам мен дін істері бойынша министрлігінің Азаматтық бастамалар орталығына (АБО) бөлінген қаражаттардың тиімді жұмсалуына тексеріс ұйымдастыру (2016 жылы 194,5 млн теңгені 11 жобаға ғана бөлінген, орташа есеппен бір ұйымға 17,7 млн берілген, Қазақстанда 1 мың жастар ұйымы тіркелген). Жастар ұйымының қызметін АБО-ның жобалық қаржыландыруына көптеп тарту арқылы белсенділігін арттыру.

ЕКІНШІ ЖЫЛ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жойқын күрестің және стратегиялық реформаларды жүзеге асырудың нәтижелері бойынша.

БИЗНЕС пен ИНВЕСТОРДЫ ҚОРҒАУ

  1. Инвестицияларды тарту саласындағы барлық ұлттық компанияларды қысқартып, еліміздің Президентіне тікелей бағынатын «Бір терезе» әдісі бойынша «Бизнес және инвесторлар үшін үкімет» Ұлттық компаниясын құру. Ұлттық компанияны Қазақстан Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі басқаруы жөн.
  2. Мемлекеттік-жеке серіктестік жобаларын келісу процедураларын барынша жеңілдету.
  3. Бизнеске арналған рұқсат құжаттарының санын барынша азайту.
  4. Жақында қабылданған салық кодексін қайта қарау. Салық кодексі негізінен ірі транскорпорациялардың мүддесінде қабылданған, шағын кәсіпкерліктің мұң-мұқтажы ескерілмеген.
  5. Шағын бизнестің жаңадан ашылған кәсіпорындарын 3 жыл мерзімге салықтан босату.
  6. Өндірушілерден басқа сауда субьектілері үшін ҚҚС-ты (НДС) жою. Өндірілген тауарлар үшін ҚҚС-ты өндіруші төлейді.

ҒЫЛЫМ, ТЕХНОЛОГИЯЛАР және ЖЭК (ВИЭ)

  1. Қазақстандағы ғылымды қаржыландыруды елдің ЖІӨ-нің (ВВП) 4%-ға арттыру.
  2. Жаңа буынның жоғары технологиялық 4-ші Мұнай өндіруші зауытын салу.
  3. Қазақстанда АҚШ-тың «Кремниевая долина», Ресейдегі «Сколково» және басқа елдердегі халықаралық тәжірибесіне сүйеніп, ЭКСПО негізінде «Ғылым алқабы, стартаптардың дамуын және әзірлеуін, жаңа технологиялар мен инновацияларды, конструкторлық бюро, бизнес-мектебін және кәсіпкерлікті дамытуды» құру.
  4. Қазіргі уақытта шетелде жұмыс істейтін қазақ заманауи ғалымдар мен өнертапқыштардың тізімін жасап, елге шақыру. Тұрғын үймен, жоғары жалақымен және олардың отбасылары үшін тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз ету.
  5. Премьер-Министрге тікелей бағынатын Қазақстанның Жасыл экономика және тұрақты даму жөніндегі агенттігін құру. Бұл ЭКСПО шарасы өткеннен кейінгі және Париж келісімі бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау қадамы болмақ.
  6. Жасыл экономика және орнықты даму салалық мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу (Қазақстанның даму банкі және басқа да даму институттары, екінші деңгейдегі банктер және басқалары минималды % мөлшерлеме бойынша теңгеде қаржыландыру, заңнаманы тұрақтандыру, құнсыздану тәуекелі өтемақысын реттеу, «made in kz» жергілікті өндірушілер мен девелоперлерге қолдау көрсету, Астана Халықаралық қаржы орталығынан қаржы бағдарламаларын іске қосу және басқалары).
  7. Қолданыстағы заңнаманы қайта қарау. Аукциондар сәтсіз болған жағдайда ЖЭК (ВИЭ) бойынша бекітілген тарифтер жүйесіне қайтару мүмкіндігін қарастыру. Аукциондар оны одан әрі реттеу үшін максималды деңгейге жеткенде (елде үлесі тек 1%) немесе басқа гибридті механизмді қолданған кезде қажет.
  8. Екінші деңгейдегі банктердегі депозиттік шоттарда «айналдыратын» мемлекеттік қаражатты анықтау үшін барлық ұлттық компаниялардың инвентаризациясын жүргізу. Анықталған жағдайда шикізатты қайта өңдеу өндірісін және экономиканы сауықтырудың басқа да стратегиялық шараларын (жоғары технологиялық зауыттарды, фабрикаларды салу және т.б.), лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті жауапкершілік шараларын қолдана отырып қайта бағыттау.
  9. Соңғы 10 жылда ғылым, білім беру, индустрияландыру, жедел жобалар салаларында, 16 аймақтағы «еркін экономикалық аймақтар» қызметі бойынша бөлек бөлінген мемлекеттік қаражаттың (әзірлеу, енгізу, нәтиже) пайдалану және тиімділігі үшін министрліктерді, әкімдіктерді және ұлттық компанияларды,  Алматыдағы «инновациялық технологиялар паркін» және мемлекет қатысуымен басқа да инвестициялық жобаларды тексеру. Дамуға кедергі келтіретін жүйелі қателерді анықтау үшін сапалы талдау және инвентаризация жүргізу.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ және ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

  1. Қазақстанның барлық елді мекендерін, соның ішінде ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету. Мәселені Мемлекет басшысының қатаң бақылауына қою.
  2. Үшінші баланы және кейінгі балаларды  туған кезде Ресейдің тәжірибесі бойынша өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін (ипотекаға бастапқы төлем немесе тұрғын үйді сатып алу, ипотекалық несиені өтеу, тұрғын үй жағдайын жақсарту, екінші деңгейдегі банктерде баланың болашақ білімі үшін депозиттік шот) 5 миллион теңге көлемінде «Сертификатпен» төлем жасау.
  3. Ипотекаға бастапқы жарна жинау немесе 18 жастан бастап тұрғын үй сатып алу үшін 3 миллион теңге мөлшерінде екінші деңгейдегі банктерде арнайы депозиттік шотқа жетім балаларға бір жолғы төлем жасау.
  4. «Мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесі туралы» жаңа Заңды қабылдау.
  5. Бюджеттік салалардың жұмысшыларының, оның iшiнде мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң сараланған жалақысын пайдалана отырып, 100% -ға, яғни 2 есеге, минималды жалақыны көтеру.
  6. Зейнеткерлік жастың шекті деңгейін төмендету, әйелдер үшін - 55 жасты, еркектер үшін - 60 жасты, оның ішінде кеншілер үшін - 50 жыл.
  7. Минималды зейнетақының мөлшерін 100% -ға, яғни 2 есеге ұлғайту.
  8. Жүктілігі мен босануы, асыраушысынан айырылу, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу, кірісі жоқ болған жағдайда, ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға (мүгедектер), ҰОС, Ауған соғысы, Семей ядролық полигоны, Чернобыль апаты ардагерлері, қазбат бітімгерлеріне әлеуметтік төлемдерді 100%-ға, яғни 2 есеге ұлғайту.
  9. Мемлекеттік мекемелерде және ұлттық компанияларда жұмысқа орналасу үшін ерекше қажеттіліктері бар адамдарға (мүгедектер) 3% квотаны енгізу.
  10. Тұрақтандыру қорын көмірмен, жанар-жағармай материалдарымен, дәнді дақылдармен және т.б. 1 жылдық мерзімге дейін үздіксіз толтырылуын қамтамасыз ету.

МЕДИЦИНА ДАМУЫ

  1. Ұлттық медициналық клиникалардың базасында қазақстандық дәрігерлерді әлемдегі ең күрделі операцияларға үйрету үшін медицинаның жетекші шетелдік мамандарын Австрия, Германия, Израиль, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің жоғары дамыған елдерінен 3 жыл мерзімге шарттық негізде шақыру. Тұрғын үймен, жоғары жалақымен қамтамасыз ету және олардың отбасыларына жағдай жасау. Жыл сайын қазақстандықтар шетелде емделуге $200 млн. астам жұмсайды, ал шұғыл операцияларды талап ететіндердің көбісі қажетті қаражаттың жоқтығынан қайтыс болып жатыр.
  2. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің тәжірибесі бойынша Қазақстаннның денсаулық сақтау саласын автоматтандыру.
  3. Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін барлық денсаулық сақтау салаларын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру (электрондық денсаулық сақтау паспорты, электрондық аурулар тарихы, дәрі-дәрмекті есепке алу және т.б.).
  4. Елдің барлық медициналық ЖОО-да педиатрия факультеттерін қайта құру.
  5. Қазақстанның барлық медициналық ЖОО-ларында тестілеу жүйесін жою.

ЭКОЛОГИЯ

  1. Астананы газдандыру. Елорда тұрғындары түтіннен тұншығуда.
  2. Қазақстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігін жандандыру.
  3. Экология саласындағы қолданыстағы заңнаманы қайта қарау. Мұнай, тау-кен өндіру, өңдеу және басқа салалардағы ірі транскорпорациялармен өнеркәсіптік түтін-қоқыстары үшін жазалау нормативтерін күшейту.
  4. Аймақтар тұрғысында экологиялық тәуекелді бағалауды жүргізу. Атмосфераға шығарылатын өнеркәсіптік түтін-қоқыстары өлшеуді және ауаны тәуліктік талдаумен қамтамасыз ету, оның ішінде Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш, Павлодар, Өскемен, Орал, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Ақсай ққ., Ақтөбе облысы, Темір, Байғани аудандарында және басқалары.
  5. Атырау өңіріндегі «Теңізшевройл» компаниясына халықаралық сарапшыларды және экологиялық миссияларды тарту арқылы соңғы ластаған ауыр түтін-қоқыстарға қатысты істің құпиялылығын ашып, тәуелсіз тергеу жүргізу.
  6. Кәсіпорындарға газ тәріздес қалдықтарды тазартудың қуатты және тиімді жүйелерін енгізуді міндеттеу.
  7. Астананың тәжірибесі бойынша Атырау, Алматы, Теміртау, Ақтөбе, Өскемен, Павлодар, Орал, Қарағанды және басқа да өнеркәсіптік қалалардың, сондай-ақ өңдеуші зауыттардың айналасын және т.б. «Жасыл белдеуді» көгалдандыру.
  8. Балқаш мыс балқыту зауытын «Балқаш» көлінің маңындағы жүздеген мың тонна қалдықтарды қайта көмуге міндеттеу. Көлге күкірт диоксиді және ондаған қауіпті ауыр металдар түседі. Сонымен қатар өндірістен мыңдаған тонна улы шаң көл суында тұнып қалады.
  9. Біріккен Ұлттар Ұйымына сұрау сала отырып, кезінде көлемі бойынша әлемдегі төртінші көл болған «Арал теңізін» сақтау бойынша бағдарламаны қабылдау. Судағы тұздың концентрациясы 14 есеге артып отыр.
  10. Теңіз, көлдер мен өзендердің «бір көзден» шектесетін және тұтынатын серіктес-елдерге техногендік және басқа әсерлерді азайту және жою жөніндегі халықаралық нормативтік құжаттарды қабылдауға Қазақстанға бастама көтеру.
  11. Қазақстан аумағында ақбөкендердің, үй жануарлары мен құстарының жəне басқа да жабайы жануарлардың жаппай өлімі туралы халықаралық сарапшыларды жəне экологиялық миссияларды кеңінен тарта отырып, тәуелсіз тергеу жүргізу.
  12. Астанада Радиациялық медицина және экология бойынша Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құру. Орталықтың өкілдіктерін елдің төрт бағыты бойынша (Батыс - Ақтөбе, Шығыс - Өскемен, Солтүстік - Павлодар, Оңтүстік - Алматы) ашу.
  13. Ақтөбе қаласында Батыс Қазақстан медициналық онкологиялық орталығын ашу. Соңғы жылдары аймақта онкологиялық аурулардың өсуі байқалып отыр.

 Ұлт порталы