Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «ҚР-дағы кедендік реттеу туралы» Кодекс жобасымен таныстырды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексін қалыптастыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізілген, ол қазір ратификациялау рәсімінен өткізіліп жатыр», - деді Т. Сүлейменов.
Жаңа одақтық кодекс айтарлықтай қайта өңделді, кедендік реттеудің негізгі тәсілдері қайта қаралды. Осыған орай қолданыстағы ұлттық кедендік заңнаманы жаңа кедендік ережелерге сәйкестендіру мәселесі көтерілді. Сегіз айлық жұмыстың қорытындысы – Кеден кодексінің жаңа жобасы болды.
Жаңа Кеден кодексінің қолданыстағы кеден заңнамасынан басты айырмашылығы – кедендік реттеудің жаңа тәсілі. Жаңа реттеудің негізгі қағидасы – кеденде бизнес үдерістерді автоматтандыру.
Ақпараттық технологияларға басымдық беруден өзге, Кодексте сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін өздерінің шығындарын оңтайландыруға жол ашатын бірқатар мүмкіндіктер пайда болды.
Инвесторларға кедендік декларацияны тапсырғанға дейін тауарларды шығару мүмкіндіктері кеңейтілді. Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында инвесторлар келесі айдың 10-ы күнінен кешіктірмей, декларацияны тапсыру туралы өтініш негізінде тауарларды өздерімен алып кете алады. Сондай-ақ, ендігі аталған нормаға еркін қойма, еркін кедендік аймақ, қайта өңдеудің кедендік рәсімдері де бағынады.
Бұдан өзге, ҚР Кеден кодексінің бірқатар ережесі ҚР Салық кодексінің процестерімен үйлестірілген. Бұл кеден бажын, салықтарды есепке алу, есептеу (қайтару) бойынша ережелерге, сонымен қатар берешекті өндіріп алу және бұзушылықтарды жою мен тексеріс нәтижелері туралы хабарламаларға шағым түсіру ережелеріне қатысты.
Жаңа Кодекспен бір уақытта оған ілеспелі заң жобасы әзірленді, ол бірқатар Кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізуді қарастырады.
Бұдан өзге, тауарларды жоюдың кедендік рәсіміне орналастырған жағдайда мемлекеттік экологиялық сараптаманы беру тұрғысынан ҚР Экологиялық кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Бюджеттік кодекске аванстық төлемдер нормаларын реттеу тұрғысынан түзетулер енгізілуде. Сонымен қатар көлік бақылау функцияларын өткізу және т. б. тұрғысынан кейбір заңдарға түзетулер енгізіліп жатыр.
«Осылайша, жаңа Кеден кодексі Қазақстанға транзиттік және экспорттық әлеуетті пайдалануға мүмкіндік беретінін, сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдететінін сенімді түрде айтуға болады», - деді Т. Сүлейменов.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға отырыс барысында айтылған барлық ескертулерді пысықтап, қажетті өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді.