12 сәу, 2021 сағат 20:50

Жаңа қаулы: Вакциналау бригадаларының күнделікті жүктемесі 300 екпеден аспауы керек

ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жаңа құжатқа сәйкес, «ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің № 59 қаулысына өзгеріс енгізіліп, анықтама ұсынбаған жолаушыларды әуе кемесінің бортына отырғызуға жібермеу жазылған. 

Одан бөлек, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №67 қаулысының 18-тармағы жаңа редакцияда жазылады: 

«Карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешімді қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, ҚР Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшылары қабылдайды. Ал карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешімді қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қабылдайды», - делінген құжатта

Сонымен бірге, ҚР БМСД №3 қаулысына да бірқатар өзгерістер енгізіледі: 

«Халыққа вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және екпе алу процесін жеңілдету мақсатында осы әдістемелік ұсынымдарға 4-қосымшаға сәйкес талаптарға сәйкес жылжымалы егу пункттерін немесе көшпелі егу бригадаларын ұйымдастыруға жол беріледі»; 

«Егу бригадасы әрбір егу пунктінде 1 бригадаға күнделікті жүктемені ескере отырып – 300 екпеден асырмай құрылады. Бұл ретте, 1 егу бригадасының құрамына: 1 дәрігер, 1 егу мейіргері және қажет болған жағдайда 1 тіркеуші кіреді. Ауылдық жерлерде құрамында: 1 фельдшер (дәрігер болмаған жағдайда), 1 егу мейіргері, қажет болған жағдайда 1 тіркеуші бар егу бригадасын ұйымдастыруға жол беріледі». 

«17. Вакцинация жүргізу барысында медициналық ұйымдар, көшпелі/жылжымалы егу бригадалары жүргізілген егулер, бас тартулар, медициналық қарсылықтар және вакцинаны пайдалану туралы ақпаратты медициналық ақпараттық жүйенің «Вакцинация» модуліне күн сайын енгізеді. 

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК күн сайын ақпараттық жүйе деректері негізінде Комитетке өңірлер бөлінісінде жиынтық ақпаратты осы Әдістемелік ұсынымдарға 1-қосымшаға сәйкес келесі күні сағат 7.00-ге дейін ұсынады».