Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаулыда отбасылық, ұжымдық, салтанатты (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру т.б.) және адам көп жиналатын өзге де шараларды (митинг, шеру, көрме, конференция, қойылым т.б.) өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық мекемелерінің – караоке, қорқор, букмекер кеңселері, бильярд залдары, ойын клубтары, клубтар, боулинг ортальқтарының жұмысы да тоқтатылған.
Ал мәдениет нысандарының қызметіне 30 адамға дейін рұқсат берілген. Театрлардың, кинотеатрлардың, концерт залдарының толымдығын 20 пайыздан асырмай қызмет етуіне болады. Балаларды сауықтыру лагерлерге толымдығын 50 пайыздан асырмай жұмыс істеуге рұқсат берілген.
Облысаралық, облысішілік, қалааралық, ауданаралық автобус, шағын автобус тасымалдары қайта жаңартылады.
Мектепке дейінгі мекемелердің кезекші топтарына бала санын 25-тен асырмай, санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуіне рұқсат бар.
Сонымен бірге, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, даладағы аттракциондар жұмысын бастауға рұқсат берілген.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №68 қаулысының талаптарын сақтай отырып, кітапханалар мен музейлердің жұмысына рұқсат берілген.
Ал мешіт, шіркеу, собор, синагога сияқты діни мекемелерде бір адамға 4 шаршы метр орын сақтай отырып ұжымдық діни шаралар өткізуге болады.
Қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс кестесі ұзартылды, енді олар сағат 7.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Стрит-фудтар (жеке дүңгіршектер, отырғызатын үстелдері жоқ киоскілер) қызметінің жұмысына уақыт шектеуі қойылмайды.
Қаулының толық мәтінін Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтынан оқуға болады.
