05 мам, 2020 сағат 06:54

Жан-жақты саяси реформалар жалғасады - Президент

Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынды.

Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәсе­лелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзір­леу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеу­меттік жаңғыру бағыттары бойынша көп­теген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаң­датқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде.

«Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заң­на­малық өзгерістер талқылануда. «Бей­біт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарас­тырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.

Мәжіліс пен мәслихат депутат­тарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партия­ларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.

Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз», - деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аазаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін іске асырылып жатқан «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы туралы айтты.

«Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеунік­тер­дің міндеті – ең алдымен, халыққа қыз­мет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқта­жына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар.

Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі – баспана.

«Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Аз қамтылған және көп балалы отба­сыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар ҚР Президенті жастарды қолдауға бағытталған шаралар туралы айтты.

«Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырдым.

Осы жылды «Волонтер жылы» деп жарияладым. Бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргідей төтенше жағдайда волонтерлер аянбай еңбек етіп жүр. Күрделі кезеңде белсенділік танытқан жігерлі жастарды үлгі тұтуымыз керек.

Жалпы, бір жыл ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Сондықтан елдің еңсесін көтеретін мұндай шешімдер алдағы уақытта да қабылдана береді», - деп түйді Мемлекет басшысы.