27 там, 2021 сағат 22:10

Жамбылдағы жарылыс: Қаза тапқандар саны 12 адамға жетті


Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 12-ге жетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны он екі адамға жетті. Нақтыланған мәліметтер бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыс салдарын жою кезінде қаза тапқан тағы үш адамның денесі табылды. Қызметкерлердің жеке басы анықталуда. Жалпы оқиға салдарынан Төтенше жағдайлар министрлігінің 50-ге жуық қызметкері түрлі дәрежеде дене жарақат алған», - деп жазылған министрліктің ресми мәліметінде.

Жарылыстан жалпы саны 98 адам жарақат алды. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр. 

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше оқиғаға байланысты шұғыл жиналыс өткізді

Жиналыс қорытындысы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылып, оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басшылық ететін болды.