Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасынан шыққан өртті сөндіру кезінде жарақат алған әскери қызметші Ерлан Қырғызәлиев қайтыс болды, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Ол оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды.
Cонымен Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан көз жұмғандар саны 16 болды, тағы бір адам іздестіріліп жатыр.
Қорғаныс министрлігі және Ұлт порталының редакциясы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
