Фото: ҚР ОАМ
ҚР Оқу-ағарту министрлігінде Жамбыл облысында кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты кеңес өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасы, полиция, Балаларды психологиялық қолдау орталығы, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл және бірқатар ұйым өкілдері қатысты.
Жергілікті органдардың мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғалы облыста балаларға қатысты бірнеше келеңсіз жағдай тіркелген. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы алдын алу жұмыстарының жеткілікті деңгейде жүргізілмей отырғанын атап өтті. Әсіресе психологиялық-педагогикалық қолдау мен әлеуметтік шаралар әлсіз, әлеуметтік педагогтердің жұмысы жүйесіз екені белгілі болды.
29 қыркүйектен бастап өңірге Республикалық ведомствоаралық мониторингтік топ жіберіледі. Оның нәтижесінде құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған Жол картасы әзірленеді және балалардың психологиялық қауіпсіздігі бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
«Біздің басты міндетіміз – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу. Әрбір бала мемлекет, мектеп пен ата-ананың қолдауын сезінуі керек. Алдын алу шаралары нәтижелі болуы үшін барлық жауапты тараптың белсенді қатысуы қажет», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Кеңес қорытындысы бойынша:
-
Жамбыл облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ашылады;
-
педагог-психологтардың саны көбейтіледі;
-
Психологиялық қолдау орталығы мен қамқоршылық органдарының жұмысы күшейтіледі;
-
«Өркен» институты мен «Өрлеу» ұлттық орталығы өңір педагогтерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту ұйымдастырады.
