07 қар, 2017 сағат 13:19

Жамбыл облысындағы ауылға Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының есімі берілмек

Бүгін Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс шақырылған 16-шы сессиясы өтті. Сессия қорытындысы бойынша, Қордай ауданындағы ауылға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы - Әлжан ананың есімі берілді, - деп хабарлайды Jambyl телеарнасы. 

Бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады. Себебі, Әлжан ана - Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Сондықтан, халық қалаулылары да бұл игі бастаманы барша аналарымызға деген құрметтің белгісі деп білді, деп жазады телеарна тілшілері.

"Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасымен сәйкес келіп отыр. Жамбыл облысында айтулы азаматшалар ғұмыр кешкен. Әйел адамдардың орны ерекше..", - деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Берік.

"Кез-келген мемлекеттің ұлттық құндылықтары әйел баласын құрметтеуден басталады. Бұл кісінің атына берілген ауылдың көркемдік сипаты ерекше әдемі болу керек. Алтын құрсақты анаға деген құрметті біз қолдаймыз. Өте орынды...", - деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Төлепберген.

Ал, Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің ресми сайтына осы аудандағы Қасық ауылдық округінің атауын "Әлжан ана" деп өзгерту туралы тұрғындар жиынының хаттамасы шықты. Онда "Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Жатқанбаева Әлжан Бұқарбаевнаның 1910 жылы Қасық ауылында молда отбасында туғаны" жазылған.

Айта кетсек, ауыл осы кезге дейін дейін Қасық деп аталып келген болатын.

Азаттық радиосының хабарлауынша, жергілікті шенеуніктер Қасық ауылының атауын өзгерту туралы шешімді тек әділет жүйесінде тіркеу ғана қалғанын жеткізген.

"Аты-жөнін жасырған, бірақ өзінің депутат емес, мәслихат қызметкері ретінде таныстырған әйел адам Қасық ауылының атауын өзгерту туралы шешімді тек әділет жүйесінде тіркеу ғана қалғанын айтады.

- Кеше 28 депутат қатысқан мәслихат сессиясында қаралды, депутаттардың барлығы Қасық ауылының атауын өзгертуді қолдап дауыс берді. Бірақ бұл мәселе - бүгін, не кеше көтерілген мәселе емес. Бірінші ауылдық округ адамдары ұсыныспен ауыл әкіміне барады, сосын олар бірнеше жиналыс өткізеді. Оны ономастика комиссиясы құптауы керек. Одан аудан мәслихаты қарайды. Аудан мәслихатынан кейін облыс әкіміне ұсыныс жасалады. Әкім ол хатты қарап, қаулы қабылдайды, соны бізге (облыстық мәслихатты айтады - ред.) береді, - дейді.

Мәслихат қызметкері мұның "халық пікірін ескере отырып қабылданған шешім" екенін айтады", - деп жазады Азаттық.