14 жел, 2022 сағат 12:51

Жамбыл облысында сарбаз көшедегі адамдарды ұрып-соғып, бөтен үйге басып кірген

коллаж: Tengrinews.kz

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында әскери киімдегі белгісіз ер адам тұрғындардың үйіне кіріп, соққыға жыққан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, оқиға 12 желтоқсанда болған. Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөліміне әскери киімдегі белгісіз ер адамның Құлан ауылындағы бірнеше үйге кіріп, тұрғындарға дене жарақатын келтіргені туралы хабарлама түскен.

Ескерту! Видеода былапыт сөздер айтылады!

Анықталғандай, ер адам кешкі уақытта үй ауласында орналасқан дүкенге кіріп, 45 жастағы азаматшаның бет тұсынан соққы жасаған. Содан соң осы көшеде орналасқан тағы екі пәтерге бөлек кіріп, алдынан шыққан 45 және 43 жастағы азаматшаларды ұрып-соққан. Соңғы азаматшаның үйіндегі жолдасы аталған ер адамды ұстап, полиция қызметкерлерін шақыртқан.

Шақырту бойынша шұғыл жеткен полиция қызметкерлерімен 22 жастағы әскери қызметші полиция бөліміне жеткізіліп, тиісті жедел іс-шаралар жүргізілді.

Бұл дерек бойынша Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаментімен ҚР ҚК 149-бабы 2-бабымен соталды тергеу амалдары басталды.

Айта кетейік, шабуылдан кейінгі кадрлар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Видеода ер адам әскери қызметшіні бетін төмен қаратып ұстап тұрғаны көрінеді. Кейінірек видеода сол көзінің асты көгерген әйел көрінеді. Кадр сыртындағы дауыс ол зардап шегуші екенін айтады.