21 мам, 2021 сағат 11:06

Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі сарбаз өз-өзіне қол жұмсады


Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде мерзімді әскери борышын атқарып жүрген жас жігіт казарманың төртінші қабатынан секіріп, мерт болды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады. 

"82796 әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жауынгер суицид жасап, казарманың төртінші қабатынан секірді. Реанимация шараларына қарамастан 20 мамырда есін жимаған күйі көз жұмды. Қорғаныс министрлігі қайтыс болған жігіттің туыстары мен жақындарына көңіл айтады" делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында. 

Ведомство құқық қорғау органдарының тергеу жүргізіп жатқанын, тергеу құпиялылығына байланысты қалған ақпарат айтылмайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, мерзімді қызметкер 2021 жылдың сәуірінде әскерге шақырылып, 15 мамырда әскери ант берген.

82796 әскери бөлімі Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде орналасқан.

Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп, мерт болды. Сол кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауына әскердегі әлімжеттік себеп болды деп айтылған.