05 ақп, 2026 сағат 14:42

Жамбыл ауданы ядролық картаға енді. АЭС-тен қауіп қандай? – маман сұқбаты

Фото: Ермек Қожамсүгіровтің жеке мұрағатынан


Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында екінші АЭС салынатын алаң анықталды. Оған сәйкес, Алматы облысы Жамбыл ауданы таңдалды. Осы орайда Ult.kz тілшісіне Ғылым академиясына қарасты Металлургия институтының сирек кездесетін элементтер зертханасының инженері Ермек Қожамсүгіров АЭС салудың мүмкіндіктері мен тұрғындардың жағдайына қатысын тарқатып айтып берді.

 

Ермек Әмірұлы, АЭС салынған жағдайда жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?


– Біріккен Ұлттар Ұйымының шешіміне сәйкес атом электр станцияларында электр энергиясын өндіру жасыл энергетикаға жатқызылған. Осыған байланысты айтарым: Үлкен аумағында атом электр станциясын салу жергілікті тұрғындарға ешқандай теріс әсерін тигізбейді.

Неліктен? Себебі атом электр станцияларында электр энергиясын өндірудің 72 жылдық тәжірибесі бар. Әлемде атом электр станциялары орналасқан аймақтардағы тәжірибе олардың маңында тұратын тұрғындардың өмірі мен денсаулығына ешқандай кері әсер жоқ екенін көрсетіп отыр.

Неліктен мұны айтып отырмын? 1972 жылдан бастап Қазақстан Республикасында, Ақтау қаласында, қалаға 10 шақырым қашықтықта МАЭК – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты орналасқан. 1972 жылдан 1998 жылға дейін онда БН-350 атом электр станциясы жұмыс істеді.

Бұл нысан Ақтау қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. Осы тәжірибе Ақтау қаласының тұрғындарына ешқандай теріс әсер болмағанын дәлелдейді. Бұл – бірінші мәселе.

Сонымен қатар, Алматы қаласында, Медеу ауданындағы Алатау шағынауданында атом реакторы орналасқанын атап өткен жөн. Алайда бұл атом реакторы ғылыми-зерттеу мақсатында пайдаланылады. Алатау шағынауданында орналасқан Ядролық физика институтының жұмыс тәжірибесі Алматы тұрғындарының денсаулығына және өмір сүруіне ешқандай кері әсер етпейтінін көрсетіп отыр.

 

– АЭС-тен шығатын радиация деңгейі тұрғындардың денсаулығына әсер етпей ме?


– Мәні мен техникалық анықтамасына сәйкес, атом электр станциясы қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған кезде радиацияның немесе қоршаған ортаға, тұрғындарға радиациялық әсер етуі мүмкін материалдардың сыртқа таралуы мүмкін емес.

Неліктен? Себебі қазіргі таңда Қазақстанда салынуы жоспарланып отырған атом электр станциясы 3+ буындағы нысан болады. Бұл – барынша қорғалған, заманауи атом реакторлары.

Мұндай реакторларда өзінің мәні мен техникалық сипаттамалары бойынша қандай да бір апаттық жағдайлардың немесе радиациялық қауіптердің туындау тәуекелі жоқтың қасы.

 

⁠– Жақын елді мекендер үшін санитарлық-қорғау аймағы қандай қашықтықта болады?


– Санитарлық-қорғау аймағы, яғни қауіпсіздікті қамтамасыз ететін оңтайлы қашықтық, құрылыс жобалауындағы кеңестік нормаларға сәйкес орта есеппен шамамен 10 шақырым деп есептелген.

Алайда әлемдік тәжірибе атом электр станцияларын 5 шақырым қашықтықта да салуға болатынын көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасының тәжірибесіне жүгінсек, Ақтау қаласында БН-350 атом реакторы жұмыс істеген кезеңде атом электр станциясы қаладан 10 шақырым жерде орналасқан болатын.

Бүгінгі таңда Ақтау қаласы мен МАЭК «Маяк» атом энергетикалық комбинатының арақашықтығы шамамен 10 шақырым болғанымен, ең қызығы – атом электр станциясының маңында фермерлік шаруашылықтар бар. Атап айтқанда, БН-350 атом станциясы мен Ақтау қаласының арасындағы жол бойында саяжай алқаптары мен тұрғын үй массивтері орналасқан.

Сондықтан атом электр станциясы мен елді мекен арасындағы нақты бір міндетті қашықтық болуы керек деген ұғым жоқ. Яғни, дәл 10 шақырым немесе 5 шақырым болуы тиіс деген қатаң талап қойылмайды.

Әлемдік тәжірибе, соның ішінде халқы тығыз орналасқан Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдеріндегі жағдай, атом электр станцияларының маңында егістік алқаптар, ауыл шаруашылығы жерлері, тұрғын кенттер мен фермерлік шаруашылықтар орналасқанын көрсетеді.

Осыған сүйене отырып, қазіргі уақытта атом электр станциялары тұрғын елді мекендерге немесе халық тығыз қоныстанған аумақтарға жақын орналасса да, бұл тұрғындар үшін қауіп төндірмейді деп сенімді түрде айтуға болады. Сондықтан бұл мәселеге байланысты халықтың алаңдауына негіз жоқ.

Мысал ретінде, Алматы қаласының өзінде орналасқан Ядролық физика институтын айтуға болады. Бұл мекеме 1960-жылдардан бері, яғни 60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді, сондықтан бұл бағытта алаңдауға ешқандай негіз жоқ.


– АЭС қоршаған ортаға қандай экологиялық қауіп төндіруі мүмкін?


– Қоршаған ортаға әсерін бағалау тұрғысынан алғанда, атом электр станциясын көмірмен немесе газбен жұмыс істейтін дәстүрлі жылу электр орталықтарымен (ЖЭО) салыстыру қажет.

Атом электр станциясы – уран ядросының бөлінуі, яғни атом реакторының жұмысы арқылы электр энергиясын өндіретін өндіріс. Ал ЖЭО электр энергиясын көмірді, газды немесе мұнайды жағу арқылы өндіреді.

Егер атом электр станциясын ЖЭО-мен салыстыратын болсақ, атом электр станциясы бірнеше есе қауіпсіз екенін байқаймыз. Қарапайым мысал ретінде Астана қаласын, сондай-ақ Екібастұз қаласын алуға болады. Екібастұз қаласының маңында орналасқан ірі мемлекеттік аудандық электр станциясы (ГРЭС) жыл сайын қоршаған ортаға миллиондаған тонна күл шығарады.

Осы күлдің химиялық құрамын талдайтын болсақ, жылу электр орталықтарында электр энергиясын өндірудің қоршаған ортаға тигізетін зияны атом электр станциясына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін көреміз. Бұл тек қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да едәуір зиян келтіреді.

Неліктен бұлай деп айтып отырмыз? Қазіргі статистика мен экологиялық есептерге сүйенсек, көмірді жағу нәтижесінде пайда болатын күлдің құрамында көптеген улы және зиянды заттар бар. Бұл заттар жылу электр орталықтарының жұмысы кезінде қоршаған ортаға тікелей таралады.

Мысалы, жылына 16 миллион тонна көмір жағатын бір ғана ЖЭО атмосфераға шамамен 30–35 миллион тонна көмірқышқыл газын бөледі. Бұған қоса, ауаға көміртек тотығы, күкірт оксидтері мен азот оксидтері шығарылады. Бұл заттардың барлығы қоршаған ортаға және адам денсаулығына айтарлықтай теріс әсер етеді.

Ал көмір күлінің құрамында мышьяк, стронций, радий, висмут және Менделеев кестесіндегі көптеген элементтер кездеседі. Олардың барлығы адам ағзасына және табиғи ортаға қауіпті.

Сондықтан салыстырмалы түрде алғанда, атом электр станцияларында электр энергиясын өндіру жылу электр орталықтарына қарағанда әлдеқайда таза әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз.

Қарапайым мысал ретінде Алматы қаласын алуға болады: қаланың айналасында орналасқан жылу электр орталықтарының жұмысы нәтижесінде жиналып қалған миллиондаған тонна күл – соның айқын дәлелі.


Радиоактивті қалдықтар қайда және қалай сақталады?

Әлемдік 72 жылдық тәжірибе көрсеткендей, уран отыны, яғни жылу бөлетін жинақтар – батареяға ұқсас кассеталардан тұрады. Атом электр станциясы жұмыс істеген кезде реакторларға осы кассеталар салынады, ал олардың қызмет ету мерзімі аяқталған соң олар жаңаларына ауыстырылады. Маңыздысы – уран отыны өзінің көлемін өзгертпейді. Осыған байланысты атом электр станциясында электр энергиясын өндіру ең қауіпсіз болып саналады. Неліктен? Себебі біз нақты қанша жылу бөлетін жинақ салынып отырғанын білеміз. Белгілі уақыт өткен соң дәл сол мөлшерде жинақтар реактордан алынып, бақылаумен арнайы сақтау орнына жіберіледі. Сақтаудан кейін пайдаланылған уран отыны қайта өңделеді және болашақта сол атом станцияларында қайтадан электр энергиясын өндіру үшін қолданылуы мүмкін. Сондықтан қоғамдағы радиациялық ағып кету, оның адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға әсер етуі туралы алаңдаушылықтар негізсіз. Мен бұл пікірімді сарапшы ретінде жауапкершілікпен айта аламын. Осы себептен Қазақстан Республикасының, Жаңа Қазақстанның болашағы тікелей атом энергетикасын дамытуға байланысты.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы