20 жел, 2021 сағат 13:23

Жамаубаев ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялардың ашықтығына қатысты түсінік берді


Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды берудің ашықтығын қамтамасыз ету туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақын арада ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық жанжалына куә болдық. Ол кәсіпкерлерді субсидиялауға бөлінген қаражатты ұрлаумен байланысты. Осы факті бойынша Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдаудың барлық жүйесіне кешенді талдау жүргізуді тапсырды. Бұл процестердің ашықтығын қаматамасыз етуге және субсидияларды алудың негізсіз жағдайларын болғызбауға электронды шот-фактуралар әрі астық қолхаттары ақпараттық жүйелерін интеграциялау ықпал еткен болар еді. Алайда ол әлі де аяқталған жоқ. Ауыл шаруашылығы субсидияларын берудің заңдылығы мен ашықтығы мәселесі қаншалықты өткір екенін ескере отырып, ақпараттық жүйелерді толыққанды интеграциялаудың нақты мерзімі қашан?», - деп сұрады Мәжіліс депутат Әмірхан Рахымжанов.

Өз кезегінде министр Ерұлан Жамаубаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің арқасында субсидиялауға қатысты біраз заңсыздық әшкере болғанына тоқталды. 

«Бұл бағытта ауыл шаруашылығы саласы бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Біріншіден, жалпы осы субсидиялардың қаншалық тиімділігі пысықталуда. Өзіміздің ақпараттық жүйеде, бюджетті қалыптастырған кезде субсидияның тиімділігін ескеретін боламыз. Екіншіден, әдістеме мәселесі бар. Субсидияға қатысты әдістеме бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Бұл бағытта да біраз сын айтылған болатын. Тексерулердегі соңғы жағдайларға байланысты әдістеме қайтадан қаралып, қабылданатын болады», - деді ведомство басшысы.

«Жалпы, кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері осы жылдың қыркүйек айында интеграцияға дайын болған. Біз бұл туралы бірнеше рет Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазып, жолдадық. Осы жайында Ауыл шарушылығы министрімен де сөйлестім. Олардың айтуына қарағанда, агенттіктің тексеруі аяқталғаннан кейін солардың ұсыныстарын алып, әдістемені дұрыстаған кезде, біздің жүйеге толық интеграция іске асырылады», - деді Жамаубаев.