Әлеуметтік мессенджерлер арқылы жалған ақпарат таратқан Жезқазған қаласының тұрғыны жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
27 наурызда «WhatsApp» мессенджеріне мониторинг жүргізу кезінде полиция қызметкерлері Жезқазған қаласында үш адам коронавирусты жұқтырғаны туралы аудиожазба таратқан әйел адам анықталды.
«Бұл дерек шындыққа сәйкес келмейді, ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату). Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 32 жастағы қала тұрғыны анықталды», - деді ПД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілерде пайда болған қауесеттер мен жалған ой-пікірлерге құлақ аспауға шақырады. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне ғана негізделу қажет. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары осындай қылмыстарды жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.