Фото: Vox Populi
Алматыдағы Көк базардың кәсіпкерлері базар әкімшілігіне наразы. Олардың айтуынша, бір ай бұрын әкімшілік еш ескертусіз сауда нүктелерін тартып алып, үшінші тұлғаларға берген. Сондай-ақ келісімшартты біржақты түрде бұзды деп отыр. Ал базар басшылығы бұл мәлімдемелермен келіспейді: олардың сөзінше, кәсіпкерлер шарт талаптарын өздері бұзған., деп хабарлайды31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы.
Кәсіпкер Жанар Райымқұлова Көк базарда 10 жылдан бері саудамен айналысып келеді. Көпбалалы ана отбасын асырау үшін күндіз-түні жұмыс істейтінін айтады. Алайда, оның айтуынша, бір ай бұрын базар әкімшілігі сауда орнын заңсыз тартып алған.
“7 қыркүйекте “заңсыз орында тұрсың” деген сылтаумен 5 орнымды алып қойды. Бірақ мен бұл орындарды заңды түрде жалға алып, уақытында төлем жасап отырғанмын. Келісімшартым да болған. Әкімшілік “үлкен кісілер келді, мықты кісілер керек” деп, орнымды босатуды талап етті. Сонда мені кім қорғайды? Көпбалалы анамын, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде барлық салығымды төлеп жүрмін”, – дейді саудагер Жанар Райымқұлова.
Саудагер Мақсат Қалиев те осындай жағдайда қалған. Ол былтыр базар әкімшілігімен бір жылдық келісімшартқа отырғанын, оны әр 11 ай сайын ұзартуға келіскенін айтады. Алайда, келісім мерзімі аяқталған соң, әкімшілік шартты ұзартудан бас тартқан.
“Мен бұл орындарға көп қаржы салдым. Ал енді бәрі далада қалды. Бұл деген – өз білгенін істеу ғой”, – дейді ол.
Осыған ұқсас жағдайға 30-ға жуық саудагер тап болған. Олар табыс көзінен айырылып, енді өз құқықтарын қорғауды талап етуде.
Ал базар әкімшілігі бұл жағдайға басқа көзқараста. Олардың мәліметінше, кәсіпкерлер келісімшарт талаптарын бұзған. Атап айтқанда, жалға алынған орындарды үстеме бағамен өзгелерге қайта жалға берген.
“Біз ешкімге ескертусіз барып, орнын тартып алған жоқпыз. Ресми хат жолданып, барлық ескерту жасалды. Себебі де түсіндірілді. Тексеріс барысында кәсіпкерлер келісімшартты өрескел бұзғаны анықталды. Олар жалға алған орындарын үшінші тұлғаларға жалға берген. Бұл – келісімшартқа қайшы. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген орындарға тұрып алған сатушылар да болды. Біз әрекетімізді заң аясында жүзеге асырдық”, – деді сауда орнының заңгері Нұрлан Қадырбаев.
Алайда саудагерлер бұл айыптаулармен келіспейді. Олар ешкімге орнын жалға бермегендерін айтып, сауда нүктелерін қайтарып беруді талап етуде.
