28 қаң, 2022 сағат 14:41

Жалдамалы баспана үшін төлемді қай орган тағайындап, іске асырады


ҚР Үкіметінің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің функциясын кеңейтетін жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы №31 Қаулысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі атқаратын функциялардың қатарына жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және оларды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу, бекіту функциясы берілетіні айтылған.

«Көрсетілген қаулымен бекітілген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ереженің 16-тармағындағы орталық аппараттың функциялары мынадай мазмұндағы 659-2) тармақшамен толықтырылсын:

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және оларды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту». 

Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс», - делінген Қаулыда.

Еске салайық, баспанаға аса мұқтаж азаматтарға қайталама нарықта баспананы жалға алғаны үшін төлем тағайындау тапсырмасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Осыған сәйкес ҚР Үкіметі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарына жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау үшін төлемдерді тағайындау және төлеу тәртібін айқындау жөнінде өкілеттіктер беретін Қаулы қабылдады.

Кеше ҚР ИИДМ жалға алынған үйдің құнын мемлекет есебінен өтеу бойынша шарттарды жариялады. Министрлік мәліметінше, бүгінгі таңда әзірленген шарттарға сәйкес келетін 70 мың азамат бар. Арендалық үйдің құны «50% мемлекет, қалған 50% жалға алушы төлейді» негізінде өтеледі.