19 нау, 2019 сағат 10:26

Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда - Сапарбаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі шаралар кешені талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақытылы және лайықты жалақы алуына жағдай жасау

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өз баяндамасында бүгінде ел экономикасының түрлі салаларындағы 165 мың кәсіпорында 6,6 млн-ға жуық адам жұмыс істейтінін жеткізді.

«Қазіргі таңда ел экономикасында 6,6 млн жалдамалы қызметкер 165 мың тұрақты істеп  тұрған кәсіпорында еңбек етуде. Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісінің нәтижесі бойынша еңбек қатынастарын реттеуде 140 мемлекеттің ішінде бұрын 35-ші орында болатын болсақ, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30-орынға көтерілдік. Биылғы жылдың басынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілді, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсті. Қазіргі таңда мемлекетімізде орташа жалақысы 176 мың теңге болып есептеледі.

Министрліктің алдында тұрған бірінші кезектегі міндет — жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақытылы және лайықты еңбекақы төлеу. Олардың алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда. 2018 жылы қабылданған шаралар нәтижесінде 32 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды (еск. – жалақы бойынша қарыз мәселесінде), оларға 3,2 млрд теңге төленді.

«Дегенмен қазіргі таңда мемлекетіміздегі жалақының қарызы 1 млрд 700 миллион теңге. Оның 75 пайызы банкрот пен сауықтыруда тұрған кәсіпорындарда. Қазір жергілікті билікпен, прокуратура, құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Жалақы қарызын азайту үшін кесте әзірледік. Мәжілісте заң жобасы қаралуда. Онда еңбек инспекциясында шығарған шешімдерін соттың шешімдерімен теңестіру, сол инспекцияның берген мәліметтері бойынша қарыздарды дер кезінде төлеу көзделген», — деді Б. Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында министрлік мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушыларының атқару құжаттарының тізбесіне қосуды ұсынуда. Бұл оларды сот шешімдерімен теңестіруге және олардың мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Формалды емес еңбек қатынастарының сақталуына ерекше назар аударылды. 2018–2019 жылдары «Еңбек шартын жаса» жалпыреспубликалық науқаны өткізілді. Бұл шара қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын артыру» Жолдауын орындау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Әкімдіктердің ақпараты бойынша, биыл 14 наурызда 184 мыңнан астам жұмыс беруші 958 мың жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттырды. Аталған кәсіпорындар бойынша жалақысы төмен жұмыскерлердің орташа жалақы мөлшері 33%-ға арттырылды.

Жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету  

Сонымен қатар Б. Сапарбаев өндірістік жарақаттанудың 2018 жылы 6,6%-ға төмендегенін айтты.

«Келесі мәселе - өндірістегі жарақаттарды азайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол жылдан жылға төмендеп келе жатыр. Өткен жылғы болған жағдайлар - 1548, бірақ өкінішке қарай, еңбек қауіпсіздігінің сақталмағанынан былтыр 220 адам қайтыс болды. 2017 жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Кейбір өңірлерде, әсіресе Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарында өсу бар.

Қолда бар деректер бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларының талаптарына сәйкес, жұмыс берушілер 100 лауазымды адамды жұмыстан босатты, 16 өндіріс нысанының жұмысына тыйым салынды. Құқық қорғау органдарына 1400 материал жіберілді, олар бойынша 98 қылмыстық іс қозғалды.», - деді Сапарбаев отырыста. 

Сонымен қатар, ҚР-да өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайтудың 2019–2023 жылдарға арналған Кешенді жол картасы әзірленді, ол:

  • өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізуді,

  • еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік, ішкі және қоғамдық бақылау тиімділігін арттыруды көздейді. 

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды ескерту

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды ескерту жұмыстарын күшейту үшін еңбек дауларын ескерту және оларды шешу бойынша Іс-шаралар жоспары әзірленді.

Мәселен, барлық әлеуметтік әріптестердің күшімен жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді келіссөздер жүргізу машықтарына және консенсусқа қол жеткізуге оқыту жүргізіледі.

Жұмыс берушілер бірлестіктерінің еңбек дауларының алдын алу бойынша жұмысы барынша белсендендіріледі. Ол үшін жұмыс берушілердің республикалық, салалық бірлестіктері жанында «еңбек омбудсмені» институты құрылды.

Өз кезегінде, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.

Отырыста ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары О. Ордабаев әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«Бүгінгі таңда кәсіпорындар мен ұйымдардың небәрі 40 пайызы ғана ұжымдық шарттармен қамтылған. Дегенмен, соңғы уақытта кей өңірлерде ұжымдық шарттар санының өсу динамикасы байқалады. Мұны бір ғана Алматы қаласынан көруге болады. Мұнда өткен жылы бекітілген шарттардың үлесі 4-тен 19 пайызға артты. Соған қарамастан бұл мәселе елімізде толық шешімін таппай жатыр. Осыған орай облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын жандандырып, ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде қадағалап отыруды ұсынамыз», - деді Б. Әбдірайым.

Сонымен қатар, ол лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай соңғы жартыжылдықта еңбекақыны көтеруге қатысты шешім екі рет қабылданды. 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге  артты, ал ағымдағы жылдың шілде айынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің табысы көбеймек. Солай бола тұра, ауыл, орман шаруашылығында және басқа бірқатар саладағы жұмысшылардың еңбекақысы әлі де төмен. Сондықтан кәсіпорын басшыларын, бизнес-қауымдастықты, жергілікті атқару органдарын жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын сатылы түрде арттыруға шақырамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, қазір Үкімет бюджет саласындағы табыс деңгейін арттыруды қолға алып жатыр.

«Осы ретте біз Елбасы қойған халықтың әл-ауқатының әлеуметтік стандарттарын арттыруға қатысты міндеттерді ескере отырып, Үкіметке бюджет саласындағы базалық лауазымдық қызметақыны ең төменгі жалақыға кезеңмен ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Өңірлердегі еңбек қатынастарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов пен Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов баяндады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова өз кезегінде, облыс әкімдерін еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды. Атап айтқанда, мониторинг жүргізіп, жұмыскерлерді қысқарту және оларды жұмысқа орналастыру мәселелерінде бақылау жасалуы тиіс, сондай-ақ жалақы бойынша қарыздың өсуіне жол берілмеуі керек.