19 мам, 2023 сағат 17:07

"Жалақы аз": Медсақтандыру қорының басшысы кадрлардың жиі ауысатынын айтты

Фото: ortcom.kz

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" басқарма төрағасы Сәбит Ахметов қорда жалақы аз болғандықтан, кадрлар жиі ауысатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Ахметовтың сөзінше, қор қызметкерлері жүктеменің шамадан тыс көп болғанына шыдай алмағандықтан кетіп жатыр.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлерге орта есеппен 9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл орталық аппарат, аумақтық бөлімшелердің қызметкерлерін қоса алғанда шамамен 1000 адамды құрайды. Біздің барлық өңірлерде филиалымыз бар. Онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – шамамен 450 мың теңге. Айта кету керек, бұл - үлкен көлемді қаражат емес. Бізде жыл сайынғы кадр тапшылығы 22 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз - әрбір бесінші адам жұмыстан шығады деген сөз.

Жұмыс көлемі өте үлкен, жұмыс қиын, соған сәйкес олар шыдай алмай кетіп қалады. Менің ойымша егер жалақы жоғары болса, адамдар жұмыстан шығып кетпес еді", - деді Сәбит Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.