Бүгін Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыста ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов өзі басқарып отырған саланың басты кемшіліктерін атады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Біздің заңдарымызда прокуратураның нақты құзыреті айқындалмаған, яғни жұмыс ауқымы мен оның шегі нақтыланбаған. Кез келген саланың өзінің тәртібі бар және олар соған тәуелді. Әрбір министрліктің, мемлекеттің органның жауапты саласы бар, өзінің бағытында заңдылықты қамтамасыз етеді. Ал прокуратура болса, соларды қайталаймын деп, жағаласып, олардың жұмысына араласа береміз. Кімді тексереміз десек те, өз еркіміз. Шынын айтсақ, біз араласпайтын жер қалмады. Осының кесірінен халқымыздың жанына батып, көңіліне тиіп жүрген мәселелерді шеткері қалдырдық. Неге? Өйткені уақытымыз жоқ дейміз, бізде жалпы қадағалау бар, яғни бизнесті және мемлекеттік органдарды тексеруіміз керек деп солай қарай ауып кеткенбіз. Ал қылмыстық процесс өз бетінше қалды», - деп тоқталды Бас прокурор «Прокуратура туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Осы орайда ол елімізде 60-қа жуық бақылаушы әрі тексеру органдар екенін, дегенмен олардың жұмысын да прокуратора өзіне іліп алғанын сынға алды.
«Бұл органдар да бұл үрдіске үйреніп кетті. Олар қит етсе болды жауапкершіліктен қашып, прокуратураға барыңыз дейді. Прокуратураға да бұл ыңғайлы, яғни қаласа тексереді немесе басқаларға ысыра салады. Мұның барлығы жемқорлыққа апаратын тура жол. Жалпы, кез келген проблеманы шешетін, бүкіл арыздарды қарайтын бір әмбебап орган болу мүмкін емес. Мұндай ешбір елде де жоқ. Біз болсақ қадағалаушы органбыз деп барлығын үйретіп алдық, бірақ қатысы бар ма, жоқ па оған қарамадық», - деді Асанов.
Оның сөзіне қарағанда, былтырдың өзінде прокуратураға 350 мың арыз түскен, осы орайда бұның барлығын қамтуда тиісті сапа болмайды.
Айта кетейік, аталған заң жобасында жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары айқындалған, оның негізгі бағыттары нақтыланған, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілер қызметінің заңдылығын сақтау үшін жоғары қадағалаудың шекаралары белгіленді.