17 ақп, 2026 сағат 15:48

Жақсы ауданында дәрігерлер трактордың астына түскен пациенттің өмірін сақтап қалды


Фото: ҚР ДСМ


Бірнеше күн бұрын Жақсы ауданының Новокиенка ауылында қайғылы жағдай орын алды: жұмысшы трактордың астына түсіп қалды. Политравма диагнозымен өте ауыр халдегі зардап шегуші жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.


Пациент түскен сәттен бастап әрбір минут есепте болды. Ер адамның жағдайы өміріне қауіпті деп бағаланды. Жансақтау бөлімінде дереу диагностика жүргізіліп, шұғыл шаралар басталды. Хирургтер ішкі қатты қан кетуді тоқтатып, бауырды тікті. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін плевра қуысына дренаж орнатылды. Сонымен қатар, сыртқы бекіту аппаратының көмегімен жамбас сүйектері тұрақтандырылды.


Осындай жедел әрекеттердің арқасында пациентті критикалық күйден шығарып, жағдайын бірқалыпты ұстау мүмкін болды. Алайда, жарақаттардың ауырлығы келесі, бұдан да күрделі кезеңді — жамбас сүйектерін толық реконструкциялауды талап етті.


Әдетте мұндай күрделілік деңгейіндегі оталар тек облыстық орталықтарда немесе республикалық институттарда жасалады. Бірақ пациенттің жағдайы шұғыл көмекті дәл сол жерде көрсетуді қажет етті.


Травматология институтының мамандарымен телемедицина арқылы өткізілген консилиумнан кейін, Жақсы ауруханасының дәрігерлері батыл шешім қабылдады: қашықтықтан кураторлық бақылау арқылы отаны өздері жасауға бел байлады.


Бұл күрделі ота аудан тарихында тұңғыш рет жасалды. Бес маманнан тұратын бригада 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шықты. Бұл жоғары шеберлік пен зор жауапкершілікті талап ететін өте нәзік жұмыс болды.


Бүгінгі таңда дәрігерлердің нағыз керемет жасағанын айтуға болады. Пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежеде деп бағалануда. Ең бастысы — ер адамның қимыл-қозғалыс белсенділігі қалпына келді.