14 сәу, 2023 сағат 11:35

Зейнеткерлер мен мүгедектердің қаражатын ұрлағандар ұсталды

© Photo: Pixabay

Ұлытау облысында әлеуметтік мекеме басшысы сол жерде тұратын зейнеткерлер мен мүгедектердің қаражатын ұрлаумен айналысқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік мекеменің басшысы мен қызметкерлерінен құралған бір топ тұлғаның заңсыз әрекеттерін ҚМА аумақтық департаменті әшкерелеген.

"Қазіргі уақытта жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік мекеме, сондай-ақ сотталушылардың тұрғылықты мекен-жайларын тінту кезінде қариялардың 799 000 теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері, оларға тиесілі банк карталары, одан бөлек аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін дәлелдейтін басқа да заттар мен құжаттар тәркіленді", - делінген хабарламада.

Толық және жан-жақты тергеуге кедергі келтіру, сондай-ақ қылмыстың ізін жасыру және жою әрекеттеріне байланысты аталған мекеменің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Сот 2 айға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды" - делінген агенттік хабарламасында.