Фото: ашық дереккөз
72 жастағы зейнеткер ұзақ уақыттан бері қолданылып келе жатқан алаяқтық схеманың құрбаны болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға Ресей нөмірінен түскен қоңыраудан басталған. Белгісіз адам өзін дәрігер ретінде таныстырып, әйелді басқа емханада қайта вакцинациядан өту қажет екеніне сендірген.
Кейін зейнеткерге SMS-хабарлама келіп, ол кодты бөгде адамға айтып берген. Осы арқылы алаяқтар оның банктік шоттарына қол жеткізген. Артынша өздерін «тергеуші Эдуард» пен «қаржы маманы Виктор» деп таныстырған адамдар хабарласып, зейнеткердің шотына мемлекеттен ақша түскенін, енді оны «қайтарып беру» керек екенін айтқан.
Алаяқтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған әйел өз шотынан 2 миллион теңге шешіп алып, белгісіз шетелдік есепшотқа аударған. Ақша жіберілгеннен кейін ғана ол алданып қалғанын түсінген.
Қылмыскерлер іздерін жасыру мақсатында барлық хабарламалар мен қоңырауларды өшіруді талап еткен. Осыдан соң жәбірленуші полицияға жүгінген.
"SMS арқылы келген кодтарды ешқашан бөгде адамдарға айтпаңыз және бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеңіз. Алаяқтар заңдылықтың жалған көрінісін жасап, адамдарды шатастырады. Сондықтан ақпаратты міндетті түрде тексеру – қаржылық шығыннан сақтанудың басты жолы", - деп ескертті Павлодар қалалық полициясы.
