28 қаң, 2021 сағат 10:27

Зейнетақы жинағын алу: 11,7 мың өтінім берушінің шотына 63 млрд теңге аударылады

26 қаңтарда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Отбасы банкінен жалпы сомасы шамамен 314,3 млрд теңгеге 17 092 өтінім келіп түсті. Келіп түскен барлық өтінім сол күні қаралды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

«Олардың ішінен 11 798 өтінім (69% немесе жалпы сомасы 63 млрд теңгеден астам) тексеруден сәтті өтті. Нәтижесінде БЖЗҚ-ға өтінімдер келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей салымшылардың «Отбасы банкіндегі арнайы шотына 63 млрд теңгеден астам қаражат аударылады. Аударымның орташа сомасы 5,4 млн теңге. 5 294 өтінім (31%) заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен қабылданбады», делінген хабарламада.

БЖЗҚ-ға «Отбасы банкінен» жіберілген өтінімдердің қабылданбауының негізгі себептері бұрынғысынша алуға болатын сома қате көрсетілуі, жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманы дұрыс көрсетпеу, инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты алуға болатын соманың өзгеруі, қайталап берілген өтінімдер болды. Бірнеше адамның өтінімі БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты және зейнетақы жинағы жоқ болғандықтан қайтарылды.

Келіп түскен өтінімдерді қараудың алғашқы екі жұмыс күнінің қорытындысы бойынша, яғни, БЖЗҚ-ға уәкілетті оператордан 25 және 26 қаңтарда түскен барлық өтінімдер сол күндері кідіріссіз қаралды. Бұл ретте жалпы сомасы 112 млрд теңгеге жуық 20 252 өтінім тексеруден сәтті өтіп, жұмысқа қабылданды. Өтінімнің орташа сомасы шамамен 5,6 млн теңгені құрайды.

«Азаматтарға өзінің зейнетақы жинағы туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымша арқылы біржолғы зейнетақы төлемін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз. Алуға қолжетімді сомалар салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін БЖЗҚ беретін үзінді көшірмеде көрсетілген», делінген хабарламада.

Салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімді қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады. Егер салымшы жинағын әртүрлі мақсатқа пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінім беруіне болады.

Өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселені уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.