ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы қорындағы қаржының шекті сомадан асатын бөлігіне не істеуге болатынын хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалану ережелерінде қандай жаңалықтар енгізілгені туралы тақырыпты жалғастырамыз. Жаңа нормалар енгізілгенге дейін өтініш берушіде жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін сатып алуға зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі болды. Жаңа нормаларда жер учаскесін сатып алу да, өз учаскесінде жеке тұрғын үй салу да қарастырылған», - делінген министрліктің хабарламасында.
Бірінші жағдайда өтініш беруші жер учаскесін сатып алып, акт ресімдеп, кейіннен тұрғын үй сала алады.
Екінші жағдайда жеке тұрғын үй құрылысын «Отбасы банктен» заем алу арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ жинақтарды қарызды ресімдемей де пайдалануға болады. Бұл жағдайда құрылыс компаниясын тарту - міндетті шарт.