01 мам, 2019 сағат 11:20

Зеленскийдің жеңгені сайлаудан кейін тоғыз күннен соң ресми хабарланды

Украина орталық сайлау комиссиясы сейсенбі, 30 сәуірде президент сайлауының екінші турының қорытындысын бекітті.

Киевте өткен жиында комиссия Украина президенті сайлауында Владимир Зеленскийдің жеңіске жеткенін ресми түрде хабарлады. Қаулыға президенттікке кандидаттардың өкілдері қол қойды. Дауыс беру нәтижесіне күмән келтіргендер болмаған.

Екінші турда Зеленский – 73,23 пайыз, оның бәсекелесі Петр Порошенко 24,46 пайыз дауыс жинаған.

Украинада жаңа президенттің инаугурациясы сайлаудың ресми қорытындысы жарияланған соң 30 күн ішінде өтуі тиіс. Оның уақытын жоғарғы рада (парламент) бекітеді.

41 жастағы Владимир Зеленский – актер, шоумен, продюсер, "Квартал-95" студиясының жетекшісі. Президенттікке кандидат болардан бұрын саясатқа араласпаған, бұрын-соңды мемлекеттік лауазымдық қызмет атқармаған.

53 жастағы Порошенко бұған дейін 2014 жылы мамырда Украина Президенті болып сайланған.