ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова интернетте анықталған құқыққа қарсы материалдар туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
"Интернетке тұрақты мониторинг жасаймыз. Заң бұзатын материалдарды анықтаймыз. Одан кейін интернет ресурстардың әкімшілігіне ескерту жұмысын жүргіземіз. Заңнамалық бұзушылықтардың қандай түрі бар? Бұл ең алдымен - терроризмді, діни экстремизмді насихаттау, суицидке тартатын материалдарды, есірткі сатуды тарату", - деді вице-министр.
Мауберлинованың сөзінше, күн сайын заңға қайшы материалдар тарататын 10-нан 100-ге дейін интернет ресурстар мен әлеуметтік желідегі парақшалар анықталады.
"Статистикаға жүгінсек, 2016 жылы 140 мыңға жуық құқыққа қарсы материал анықталса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңнан асып, 2018 жылы - 130 мың материал, биыл алғашқы жарты жылда 45 мың материал анықталды. Барлық анықталған құқыққа қарсы материалдардың 90%-ы - терроризмді насихаттауға байланысты. Қалған негізгі бөлігі есірткі, суицид, зорлық-зомбылық пен порнографияны насихаттайды", - деп сөзін түйіндеді ол.
Бұған дейін аталған ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату мәселесіне қатысты айтты.