Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен
Қазақстанда саяси жүйеде жаңа кезең басталғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазда Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар заң шығару жүйесінде де өзгеріс болмақ: бұған дейін екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұратын Парламент енді бір палаталы органға айналып, Құрылтай деп аталуы мүмкін. Алдағы саяси науқан қарсаңында қазіргі Мәжіліс депутаттарының қызметі мен алдағы жоспарлары да қоғам назарында. Осы орайда Ult.kz тілшіcі халық қалаулыларынан депутаттық қызметін қалай атқарғаны, өткен шақырылымдағы жұмысына көңілі тола ма, сондай-ақ жаңа Құрылтай сайлауына қатысу ниеті бар-жоғы жөнінде сұрап көрді.Айдос Сарым:
«Біздікі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті. Өткен жылдың өзінде тарихымызда болмаған 7 заңды қабылдадық. Бұл – Ұлттық қорғаныс саласын жаңа белеске көтеретін, жаңа әскер түрін енгізетін, азаматтардың патриотизмін көбейтетін және басқа да бағыттардағы заңдар. Осы мақсатта біз күнделікті еңбектеніп жатырмыз. Егер біздің ел үшін, отан үшін, қауіпсіздік пен егемендік үшін үлесің қандай дейтін болса, мен жаңағы заңдарды әкеліп алдыңызға қоя аламын. Ең бастысы осы заңдардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Құдайға шүкір армияның бюджетін көбейтіп, 1 пайызға дейін жеткіздік. Қарулану және басқа тұрғыдан тиісті министрлік айналысып жатыр. Әрине шешілмеген мәселе көп. Әлеуметтік мәселелер бар, әлімжеттік пен балаларымыздың өліп жатқаны бар, бұлардың бәрі қоғам ретіндегі бәріміздің ортақ проблемамыз деп есептеймін. Бірақ заң шығарушы ретінде біз өз жұмысымызды бір адамдай атқардық».
Ринат Зайыт:
«Жасыратыны жоқ, келгелі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесімін. Егер менің күш-жігерім сайлауда партияға керек болса, онда мен дайынмын. Бірақ менде қайтадан депутат болатын қалау жоқ. Өйткені басқа да салаларда жұмыс істеп пайдамыз тиетін жерлер көп еді негізінде».
Мұқаш Ескендіров:
«Сегізінші шақырылымда бір мандаттық округтан сайландым. Бірақ өзім 2004 жылдан бері «AMANAT» партиясының мүшесімін. Осы 3 жылға жуық уақыт ішінде 46 жұмыс тобына қатысыппын, 36 заңда 500-ден артық өзгеріс ұсындым, 137 депутаттық сауалға қатысқанмын. Сонымен қатар 500-ден артық рет өңірлерге барыппын. Олардың ішінде шешілген мәселелер де бар, шешілмегені де бар. Өзім осы өңірден сайланғаннан кейін, өңірде бюджеттегі жоспарлардың барлығының орындалуына қатыстым. Сондықтан Парламенттегі жұмысыма қанағаттандым деп айтуға болады. Әрине тағы да жоспарлар бар еді, арғы жағын Алла көрсетеді. 1 шілдеде заң бойынша өз жұмысымызды тоқтатамыз. Құрылтайға сайлауға қатысамын ба, жоқ па, оны партия шашады. Егер партия қаласа ары қаратай да жұмыс істеуге әзірміз».
Ерлан Саиров:
«Біз депутат боламыз ба, болмаймыз ба оны бірінші Қазақстанның халқы, екінші партияның басшылығы шешеді. Өйткені келесі сайлау пропорционалды жүйе бойынша болады. Яғни ол жерде біз халық алдында есеп беріп және сол біздің есептеріміз халықты қанағаттандыратын болса, онда партияның басшылығы өзі дербес шешім қабылдайтын болады. Сондықтан бұл мәселе жөнінде айту әлі ерте. Әрине біз біраз жұмыс атқардық. Бірақ біздің жұмысымыз халықты қанағаттандыра ма, жоқ па екенін азаматтарымыз шешеді. Егер ертең біз сайлауға түсіп жатсақ, сол түскен партия жеңіске жететін болса, онда әрине халық біздің жұмысқа «қанағаттандық» деп дауыс берді деп айтуға барлық негіз бар. Біздің жұмысымызға әділ баға беретін дана халқымыз».
Мәжіліс депутаттары өткен шақырылымдағы жұмыстарына әртүрлі баға бергенімен, көпшілігі атқарылған істерді нәтижелі деп есептейді. Ал алдағы Құрылтай сайлауына қатысу мәселесінде шешімді халық пен партия қабылдайтынын атап өтті.
Балжан Жеңісқызы
