18 нау, 2026 сағат 11:48

Алатау ерекше мәртебе алады: жаңа заң наурыз соңына дейін қабылданады

 

Фото: Алматы облысының әкімдігі


«Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң наурыз айының соңына дейін қабылдануы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Оның айтуынша, заң жобасы жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында әзірленген. Құжат елдегі экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты, ашық және болжамды құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған.

 

Заң жобасы Алатау қаласына «қарқынды даму қаласы» ретінде арнайы құқықтық режим беруді көздейді. Бұл аясында:

 

– жергілікті басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктері нақтыланады;
– халықаралық стандарттар мен озық технологиялар енгізіледі;
– цифрлық активтер айналымы реттеледі;
– дрондар мен төмен биіктіктегі экономика саласы дамытылады;
– инвесторлар құқығы қорғалып, тұрақтылыққа кепілдік беріледі;
– салық және бюджет саласында ерекше режим қолданылады.

 


Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент қарауында. 20 наурызда бірінші оқылым, ал 27 наурызда екінші оқылым өткізу жоспарланған. Құжат наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысына ұсынылады.

 

Айта кетейік, Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру тетіктерін талқылауды жалғастырып жатыр.