04 жел, 2021 сағат 22:00

Замбияда алғаш рет коронавирустың омикрон штамы анықталды


Замбияда алғаш рет коронавирустың омикрон штамы анықталды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Силвия Масебо сенбі күні мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Замбия территориясында үш адамнан коронавирустың омикрон штамы анықталды», - деп мәлім еткен министр Zambia-24 ақпарат порталында. 

Қауіпті инфекцияны жұқтырғанның бірі - вакциналанған ер адам. Ол жақында шет елден келген. 

Екіншісі де ер адам, ол да вакцина алған әрі шетелге сапарлаған. Үшіншісі - әйел адам, бірақ ол шетелге шықпаған. 

Үш науқас та қазіргі кезде ұлттық кардиологиялық ауруханаға жатқызылған. 

Замбия - коронавирустың омикрон штамы анықталған африкадағы жетінші ел. Бұған дейін ОАР, Зимбабве, Гана, Ботсвана, Нигерия және Мозамбик елдерінен коронавирустың осы штамы шыққан еді.