Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Зада Дүкенбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА кеңесінің отырысындағы қазақ тіліне айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ тілі қазақтан басқа кімге керек? Менің анам - еврей, әкем - қазақ. Бірақ мен өзімді қазақпын деп санаймын. Себебі менің әкем қазақ. Бірақ бүгінде қалыпты жағдайға айналса да өз тілін білмейтін қазақтарға қайран қалам. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады десек те, кезінде Елбасы «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деген еді. Ал бізде бүгінгі ХХІ ғасырда ол түгілі өз тілін білгісі келмейтін қазақтарды кездестіруге болады. Тілді білмеу арқылы 70 жыл бойы бодандықта болған құлдық менталитетімізді әшкерелейміз. Әлбетте, көп тіл білген жақсы. Тілді білген сайын сенің ғылымға деген көзқарасың жоғарылайды. Бірақ әрбір ұлт өз тілін білуі керек. Қазір Қазақстанның жастары шетелде жүр. Орыс немесе америкалық келіп «қазақ деген қандай ұлт?» деп сұрауы мүмкін ғой. Сондайда қазақ тілін білмей тұрған адам қазақтың домбырасын, мәдениетін, тарихы туралы не айта алады?» - дейді Зада Дүкенбаева.
Профессор бұрынғы кеңес одағының құрамында болған бірқатар мемлекет латын әліпбиіне көшіп қойғанын еске салды.
«Ал Қазақстан әлі соның нүктесін қоя алмай келе жатыр. Елбасы айтайын деген ойы осы. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Міне, біз осыны түсіне алдық па? Журналистердің арасында өзге ұлт өкілдері жүр. Қазақ тілінде қандай әдемі сөйлеп жатыр. Сондықтан бүгін ұлттық негізімізді бірінші орынға қоюымыз керек. Бірақ, не дегенмен, барлық қазақтар өз тілімізді жаңғырта білсек, басқа ұлттар да біздің тілімізде сөйлейді. Мемлекеттің түп қазығы – қазақтардың өз қолында тұр. Бұл ешкімге үстемдікті көрсету емес, ұлттық келбетімізді көрсету деген сөз», - деді ол.