ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жаңажылдық шыршаны сәндеуге арналған құралдарды арнайы сертификаты мен сатуға рұқсаты бар дүкеннен алуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа жылдық шыршаны орнатқанда гирлянда және басқа да сәндік құралдарды арнайы сертификаты мен сатуға рұқсаты бар дүкеннен сатып алған жөн. Фейерверк, бенгал майшамы немесе отшашуды ғимараттың ішінде атуға болмайды. Отшашуды тұрғын үй мен адамдар аулақ жерде атқан дұрыс. Және қауіпсіздік ережерелерін сақтаған абзал. Сонымен қатар пиротехниканы балалардан аулақ ұстау керек», - деді Ю. Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, пиротехниканы қолдану ережесін сақтамау, қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін.
«Жыл сайын жаңа жылды қарсы алғаннан кейін пиротехникадан зардап шегушілердің статистикасын анықтап жатамыз. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында жеке бас қауіпсіздігін ойлаған жөн», -дейді ол.
