Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин иесіз гидротехникалық нысандардың тасқын қаупін ушықтырып тұрғанын мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 60-75%-ды құрайды. Осыған байланысты әкімдіктер мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне су қоймаларының толу деңгейін бақылау қажет.
Сонымен бірге иесіз гидротехникалық құрылыстар проблемасы бар. Егер, былтыр олардың саны 10 болса, биыл олардың саны 25-ке жетті», - деді министр.
Сондай-ақ, ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оларды коммуналдық меншікке беру жөнінде шаралар қабылдауды тапсыруды ұсынды.
«Соңғы бес жылда автомобиль жолдарын 700-ге жуық рет су басқан. Бұл ретте, бүгінде республика бойынша су басуға бейім 278 автомобиль жолының учаскесі және 600-ден астам теміржол учаскесі бар.
Көлік инфрақұрылымының су басып кетуіне және бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктерге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қорғау және алдын алу іс-шараларын алдын ала жүргізгені қажет деп санаймыз», - деді Юрий Ильин.