06 қар, 2025 сағат 13:37

Ыстықкөл түбінен XIII–XIV ғасырлардағы мұсылман зираты табылды

Фото: Елизавета Ромашкина

Ыстықкөлдің солтүстік-батыс бөлігінде Ресей география қоғамы, Ресей ғылым академиясының Археология институты және Қырғыз ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институты бірлесіп ұйымдастырған халықаралық суасты археологиялық экспедициясы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz Rgo.ru сайтына сілтеме жасап.

Зерттеудің мақсаты — Ұлы Жібек жолының маңызды нүктелерінің бірі болған Тору-Айгыр су астындағы кешенін зерттеу еді. Экспедиция барысында ғалымдар жер сілкінісінен кейін су астында қалған ортағасырлық қаланың іздерін және бірегей артефактілерді анықтады. Олардың арасында үлкен керамикалық құмыралар, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған құрылыс қалдықтары мен XIII–XIV ғасырлардағы мұсылман зиратының іздері бар.

Мамандардың айтуынша, зерттеу жұмыстары көлдің төрт учаскесінде, 1–4 метр тереңдікте жүргізілген. Бірінші аймақтан күйдірілген кірпіштен қаланған ғимараттың бөлшектері, тастан жасалған диірмен мен қоғамдық ғимараттың бар екенін көрсететін сәулеттік элемент табылған. Бұл ғимарат — мешіт, медресе немесе монша болуы мүмкін. Ағаш бөренелер мен тас құрылымдар қазір дендрохронологиялық және радиокөміртекті талдауға жіберілді.

Қырғыз тарапының жетекшісі, археолог Валерий Кольченконың айтуынша, табылған орын — Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығының қалдықтары.

«Біздің есептеуімізше, бұл қала XV ғасырдың басында жер сілкінісінен кейін жойылған. Тұрғындар апатқа дейін-ақ көшіп кеткен болуы мүмкін. Бұл жердің тарихы Помпей тағдырына ұқсайды, тек Орта Азияда», — деді ғалым.


Екінші учаскеден XIII–XIV ғасырлардағы мұсылман некрополі табылған. Шамамен алты гектар аумаққа созылған зират су әсерінен біртіндеп бұзылып барады. Қабірлер ислам дәстүріне сай жасалған: мәйіттер солтүстікке бағытталып, жүздері Қағба жаққа — Меккеге қараған. Зерттеушілер ер адам мен әйелдің сүйектерін судан шығарып, антропологиялық талдау жүргізбек.

Зерттеу тобы параллель түрде қытай жылнамаларын да қарап, жазба деректер мен археологиялық мәліметтерді салыстырып жатыр. Ресейлік ғалым Максим Меньшиковтың айтуынша, X–XIII ғасырларда Ыстықкөл өңірі Қарахан әулетінің құрамында болып, түрлі мәдениеттер мен діндер тоғысқан аймақ болған.

«Ол кезде ислам Орта Азияда енді тарай бастаған еді. XIII ғасырға қарай, Алтын Орда ықпалымен ислам үстем дінге айналды. Некропольдің табылуы — осының нақты дәлелі», — дейді ол.


Үшінші аймақтан ғалымдар бүтін күйінде сақталған үлкен хум (қыш құмыра) мен ертерек дәуірге жататын бірнеше жерлеу орнын анықтаған. Артефактіні судан шығару келесі маусымға жоспарланған. Төртінші учаскеде мамандар суасты бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, топырақ үлгілерін алған. Бұл табылған қаланың даму тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Зерттеу заманауи суасты дрондары мен байланыс технологияларын қолдана отырып жүзеге асқан. Бұл әдістер ғалымдарға нысандарды дәл бейнелеуге және суасты ескерткіштерінің жағдайын бақылауға мүмкіндік берді.