16 қар, 2022 сағат 07:07

Ыстамбұлдың орталық аудандарының бірінде тағы жарылыс болды


Ыстамбұлдың Фатих ауданында жарылыс болып, жалын үш көлікті шарпыды, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Mynet басылымына сілтеме жасап.

Түрік басылымының мәліметінше, Коджамустафапаша көшесімен келе жатқан жүргізуші көлігінің жанып жатқанын байқап, жол жиегіне тоқтап, айналасындағылардан көмек сұраған.

Біраз уақыттан кейін көлік өртеніп, жалын сол маңда тұрған төрт көлікке тараған.

"Ыстамбұлдың Фатих ауданында белгісіз себептермен жана бастаған көліктің жалыны тұраққа қойылған өзге көліктерге тарады. Желіде тараған видеодан өрт кезіндегі жарылыс дыбыстары естілді", - деп жазады басылым.

Өртсөндірушілер оқиға орнына дер кезінде келіп, жалынды ауыздықтаған.

Сондай-ақ, көліктердегі адамдар эвакуацияланған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жоқ. Көліктің өртену себебі анықталып жатыр.