14 қар, 2022 сағат 14:57

Ыстамбұлдағы жарылыс: күдікті ұсталған сәттің видеосы пайда болды


БАҚ-та Ыстамбұлда бомба жарды деген күдікпен ұсталған әйелдің видеосы жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Milliyet түрік басылымына сілтеме жасап.

Терроризмге қарсы бөлім бригадалары шабуылға кінәлі деп танылған әйелді ұстады. Желіде күдікті ұсталған сәттің кадрлары пайда болды.

Айта кететін жайт, бұған дейін түрік полициясы 22 күдіктіні ұстаған болатын, оның ішінде бомба қойған әйел де бар. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мәлімдеді.

"Біз шабуыл туралы нұсқау Кобаниден келген деп бағаладық. Оқиғаға себепкер адам бомбаны қойып кеткен, ол ұсталды. Бұған дейін тағы 21 адам ұсталды", - деді ішкі істер министрі.

Сонымен қатар, Сойлу Ыстамбұлдағы жарылысты ұйымдастырушылар мен кінәлілерге қатаң жауап берілетінін айтты.

"Қылмыскер Африн арқылы өткен. Қазір мұның бәрі анықталып жатыр. Түркияға зиянын тигізген бұл шабуылды ұйымдастырушыларға да, жасағандарға да қатаң жауап беріледі", - деді министр.

Жарылыс Ыстамбұлдың орталығында, Бейоглу ауданындағы Таксим алаңы маңындағы адам көп жүретін Истикляль көшесінде болған. Бұл - туристер арасында танымал бағаттардың бірі. Түрік ақпарат құралдарының мәліметінше, жарылыс алты адамның өмірін қиып, 81 адам жарақат алған.

Айта кетейік, жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ. 2015-2016 жылдары Түркияның ірі қаласында "Ислам мемлекеті" террор ұйымы бірнеше рет жарылыс жасаған.