YouTube Premium қызметі енді Қазақстанда қолжетімді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram-дағы парақшасында хабарлады.
Министр өткен жылдың наурыз айында Кремний алқабына жұмыс сапары барысында мен Youtube өнімдерін басқару жөніндегі вице-президент Адам Смитпен кездесіп, сервистің Қазақстанда іске қосылуын талқылағанын атап өтті. Ал бүгін қазақстандықтарға соның нәтижесін бөлісті.
«Қолданушылар мен контент жасайтындарға жаңа мүмкіндіктер ашатын YouTube Premium енді Қазақстанда. Бұл оқиға елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен оны жаһандық желіге біріктіруде жасаған елеулі қадам. Басқа қызметтермен қатар YouTube Premium-ді қолдану бейне мен музыкалық мазмұнға жарнамасыз шексіз қол жетімділікті, бейне материалдарды офлайн режимде көру үшін оны жүктеу мүмкіндігін және басқа қосымшаларды қатар қолдану кезінде оны фондық режимде де тыңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қазір цифрлық экономиканы дамыту мен Қазақстандағы жергілікті контент-жасаушыларды қолдау мүмкіндіктері күн тәртібінде екенін атап өткім келеді», - деп жазды министр. ⠀