11 сәу, 2019 сағат 17:14

WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанж Лондонда ұсталды (Видео)

11 сәуірде WikiLeaks ұйымының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды британ полициясы Лондондағы Эквадор елшілігінде ұстады. Бұл туралы бейсенбі күні Скотланд-Ярдтың баспасөз қызметі мәлім еткен.

«47 жастағы Джулиан Ассанжды бүгін 11 сәуір, бейсенбі күні Лондон полиция қызметінің қызметкерлері Вестминстер магистраттар соты сотқа келуден бас тартқаны үшін 2012 жылғы 29 маусымда берген ордер негізінде Эквадор елшілігінде ұстады», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыдан 7-8 жыл бұрын Швецияда оған айып тағылып, АҚШ-қа экстрадициялану қаупі туындаған кезде Ассанж өзіне Эквадордың уақытша баспана бергенін пайдаланып, елшілікті паналаған. Содан бері ол елшілік ғимаратында тұрып келген еді.

Бірақ соңғы кезде Эквадор билігімен қарым-қатынасы нашарлаған Ассанж елдің жаңа Президенті Ленин Мореноның өзіне саяси баспана беруден бас тартқанын хабарлаған. WikiLeaks дерегінше, бұған Эквадор президенті Ленин Мореноның Панамада тіркелген офшор компанияларымен байланысы жайлы ақпараттың жариялануы себеп болған.

Сәуір айының басында Эквадор билігінің Ұлыбританиямен Ассанжды беру туралы келіскені жайлы бейресми ақпарат тараған.

Скотланд-Ярд өкілдерінің айтуынша, полицейлер оны қамауға алу туралы сот берген ордер аясында өз міндеттемелерін атқарған. Эквадор Ассанжға пана болудан бас тартқан соң, елші елшілікке полицейлерді шақырған.