Дональд Трамп АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан ресми түрде кандидат болып ұсынылардан екі аптадай бұрын сайлау штабының жетекшісі Пол Манафорт ресейлік миллиардер Олег Дерипаскаға араға кісі салып, АҚШ-тағы сайлау науқанының барысы туралы жеке ақпарат беріп отыруға әзір екенін жеткізген. Бұл туралы сәрсенбі күні кешке The Washington Post басылымы хабарлады, деп жазады Азаттық.
Манафорт оған дейін Кремльге жақын олигархпен біршама уақыт бизнес әріптес болған.
Өткен жылғы АҚШ президенті сайлауына "Ресейдің араласуы" жайлы істі тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллердің қолындағы ондаған мың құжаттың арасында Манафорттың электрондық хаттары да бар екендігі айтылады.
Манафорттың ұсынысы Дерипаскаға жеткені жөнінде немесе қандай да бір брифингтің болғаны жайлы деректер жоқ деп жазады басылым. Алайда тергеушілер Дерипаскаға жолданған ұсыныстың өзі Манафорттың Трампқа жақындығын пайдаланып, материалдық пайда табуға тырысқанын, ал Ресейге Америкадағы сайлау процесіне тікелей ықпал етуге мүмкіндік болғанын дәлелдейді деп санайды.
Пол Манафорт 2016 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлау науқаны кезінде кандидат Дональд Трамптың төңірегінің ресейліктермен байланыстарын тексеру ісіндегі негізгі тұлғалардың бірі. Былтыр маусымда Трамптың сайлау штабы басшысы болып тағайындалысымен Манафорт кіші Дональд Трамптың ресейлік заңгер Наталья Весельницкаямен кездесуіне қатысқан. Сол жылғы тамыздың ортасында, Украинаның экс-президенті Виктор Януковичпен саяси және іскерлік байланыстарының жай-жапсары анықталғаннан кейін Пол Манафорт Трамптың сайлау штабы басшылығынан отставкаға кетуге мәжбүр болған.